20 октября 2025


ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ҮШІН КАДРЛАР ДАЯРЛАУҒА АРНАЛҒАН ФОРСАЙТ-СЕССИЯЛАРНА ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖ ӨКІЛДЕРІ ҚАТЫСТЫ

     Аймақ жастарының болашағына жол ашатын «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-да  форсайт-сессиялардың  салтанатты ашылуы өтті. Бұл форсайт-сессияларға Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ Жоғары колледж директоры Бибигуль Толегенова сарапшы ретінде қатысты.

     Бұл форум Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2029 жылға дейін халық табысын арттыру бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Басты мақсат – Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау жүйесін жетілдіру және өңірдің кадрларға деген нақты қажеттілігін айқындау. Іс-шараны Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы және ШҚО әкімдігі бірлесе ұйымдастырды.

        Ашылу рәсімінде бірқатар мәртебелі қонақтар сөз сөйлеп, форсайт-сессиялардың өңір дамуы үшін стратегиялық маңызын атап өтті.

        ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сессияға ZOOM арқылы қосылып, бүгінгі форсайт-сессиялар – еліміздің кадрлық әлеуетін дамытудағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі екенін, қазіргі таңда бұл жоба еліміздің бес өңірінде сәтті аяқталып, тағы да алты аймақта бастау алғанын және жыл соңына дейін еліміз бойынша аймақтардың даму картасы жасалып, «Жаңа мамандықтар атласы» әзірленетінін айтты. Бұл шараның өңірлердің әлеуметтік-экономикалық және білім беру бағытын нақты айқындауға мүмкіндік беретініне де тоқталды.

    ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев аймақтың кадрлық дамуы өңірдің экономикалық өрлеуінің басты факторы екенін атап өтті. Университет ректоры, профессор Мұхтар Төлеген өз сөзінде форумның білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтатынын, жаңа мамандықтар мен дағдыларды айқындауға жол ашатынын айтты. «Мамандығым – болашағым» жобасының жетекшісі Олжас Сәкенов те өз пікірлерімен бөлісті.

         Сессиялар жұмысы бес негізгі бағыт бойынша өтеді: білім беру, ауылшаруашылығы, металлургия, энергетика, туризм.

         Қатысушылар топтарға бөлініп, әр сала бойынша даму сценарийлерін, жаңа кәсіптер мен құзыреттерді айқындайды.

         Сессиялардың соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.