9 октября 2024


ШҚУ-ДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЗИЯТКЕРЛІК «QUIZ-ОЙЫНЫ» ӨТЕДІ

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 10 жылдығына орай Қазақстанның әр өңірінен жиналған студенттер алғаш рет жемқорлыққа қарсы тақырып аясында зияткерлік quiz-ойынында бақ сынайды. Сайыс қатысушылардан білімді, логиканы және тапқырлықты талап етеді.
Соңғы уақытта аса танымал ойын С. Аманжолов атындағы ШҚУ базасында өтеді. Шараның басты мақсаты – ҚР жастары арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру, азаматтық көзқарасты қалыптастыру, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы дағдыларды, адалдық пен парасаттылықты дамыту. Әр аймақ алты адамнан тұратын командаларын ұсынады. Quiz ойыны жеті кезеңнен тұрады. С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері дайындаған шоу-бағдарлама мерекелік көңіл күй сыйлайды. Ойын мемлекеттік тілде өткізіледі. Ең көп ұпай жинаған команда жеңімпаз атанады. Жеңген командалар I, II және III дәрежелі дипломдармен, сондай-ақ бағалы сыйлықтармен марапатталады. Жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайды (1 орын – 500 мың теңге, 2 орын – 300 мың теңге, 3 орын – 200 мың теңге). Әділқазылар қатарында қоғам қайраткерлері, жемқорлыққа қарсы еріктілер, мемлекеттік қызмет органдары өкілдері төрелік етеді.