10 октября 2024
АЙЖАН КАРТАЕВА: АДАМНЫҢ ТАБЫСҚА ЖЕТУІ – ЖАҚСЫ АТА-АНА, ЖАҚСЫ ОРТАДАН
Бүгін біздің «Университет келбеті» айдарымыздың кезекті қонағы С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың білікті профессоры, өз саласының кәсіби маманы Картаева Айжан Маратбекқызы. Көп жылдық жұмыс өтілінің астарында мол тәжірибе мен ғылым жолы жатыр. Оның сабақтарында тек қана дәріс емес, оқулықтан өзге тың ақпараттар қамтылған. Айжан Маратбекқызының жетекшілігімен көптеген студенттер ғылыми жобаларда жетістікке жетуде. Осы орайда ШҚУ-дың келбеті Айжан Картаевамен әңгімелесудің сәті түсті.
Алғашқы еңбек жолыңыз қалай басталғанын еске алсаңыз?
1992 жылы С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ға қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түсіп, қызыл дипломмен бітірдім. 1996 жылы университет қабырғасында магистратура бөлімі алғаш рет ашылып, жоғары кәсіби білімімді жалғастырдым. 1998 жылы оқуымды тәмамдаған соң алғашқы еңбек жолымды да осы Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-да бастадым. Еңбек жолымдағы ең басты қиындық – қазақ тіліндегі кітаптардың, ғылыми еңбектердің аздығы еді. Студенттерге дәріс дайындау үшін және кандидаттық диссертация жазу үшін арнайы Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханаға, Семейдегі Абай атындағы кітапханаға арнайы баратынмын. Өзіме қажетті мағлұматтарды конспектіліп алып келетінмін. Сол кездегі дәптерлерім әлі күнге дейін сақтаулы.
Ғылыми жетекшім белгілі Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы Түркістан қаласында тұратын. Кеңес алу үшін арнайы Түркістан қаласына барып, ғылыми жұмыстарымды жаздым. Қазір интернет дамыған дәуірдің артықшылықтары көп деп ойлаймын. Соны ақылмен қолдана білсе нұр үстіне нұр болар еді.
Абайтану ғылымына қосқан үлесіңіз жайлы айта кетсеңіз.
Абайтанудың, Мұхтартанудың негізі мектеп кезінде қаланды. Әйгілі ұстаз Қанипа Бітібаева 7 сыныптан бастап сабақ беріп, Абай мен Мұхтарды санамызға сіңірді. «Абай мұрасы – Абай жолы роман-эпопеясында», «Абай мен Мұхтар Әуезов әлеміндегі рухани сабақтастық» монографияларын, жоғары оқу орындарына арналған «Абайтану», «Мұхтар Әуезов және Абайтану мәселелері», «Абайдың толық адам ілімін оқыту» оқу құралдарын жаздым. Жақында Абай әлемі сериясынан «Абайдың толық адам тағылымы» атты монографиям жарық көрді.
Студенттерге өмірде де, ғылымда да жетістікке жету үшін қандай кеңес бересіз?
Өмірде, білім мен ғылымда үлкен жетістікке жету үшін ең бастысы таудай талап, екіншіден, ерінбей еңбек ету керек. Үшіншіден, мақсатқа жету жолында табандылық қажет. «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп екі жаққа үңілдім» дейді ұлы Абай. Білім іздеу жолында қажырлы еңбек етіп, алға ұмтылудан талмау қажет. Абай айтқан талаптың барлығы бойларыңыздан табылса мұратыңызға жетесіз.
Сіз үшін табыстың кілті неде?
Табысқа жетуіме себеп ата-анамның тәрбиесі, ұстаздарымның өнегесі, қызмет етіп жатқан ортам деп білемін. Абай айтады «адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата-анадан, жақсы ұстаздан, жақсы құрбыдан болады» дейді, сол себепті ғылымға ұмтылуыма осы жоғары оқу орынындағы білікті мамандар ықпалы тиді. Қазақ әдебиетіне жанашыр зиялылар ортасы маған үлкен әсер етті. «Талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрледің» демекші талаптанған адам биікке жетеді. Студенттеріме де үнемі талаптаныңыздар, ғылым іздеңіздер деп айтамын. С.Аманжолов атындағы ШҚУ профессорлық-оқытушылық құрамы өте білікті мамандар. Осындай ортада білім алуға әр жасты шақырамын!
Әңгімеңізге рахмет!