19 ноября 2024


«ДЕФЕКТОЛОГИЯ» ББ-НЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ

Amanzholov University-де «Дефектология» мамандығының ашылуына 20 жыл толуына орай «Әртүрлілік құндылығы: білім беру мен қоғам» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция бетпе-бет және онлайн-сессияда гибритті форматта өтті.

Шара модераторы С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Психология және түзету педагогикасы кафедрасының профессоры, психология ғылымдарының кандидаты Светлана Стельмах болды.

ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген алғы сөзінде дефектология бағдарламасының Қазақстан білім беру жүйесіндегі маңызын баса айтты.

          Біз 20 жыл мерейтойлық кезеңде кәсіби мамандарды, дефектологтарды оқытып жыл сайын елдегі кадр тапшылығын және инклюзивті ортаны толықтырып отырмыз. Бұл біздің ЖОО-ның үлкен үлесі, — деді ректор.

Сондай-ақ, «Өрлеу» БАҰО » АҚ ШҚО бойынша ОЖБ филиалының директоры Гаухар Жұманова да кіріспе сөзін сөйлеп, Мұхтар Әділбекұлына алғыс хат табыс етті.

          С.Аманжолов атындағы ШҚУ инклюзивті білім берумен қарқынды айналысып келеді. Әр баланың дарынын ашуға жеке көңіл бөле отырып, барлық баланың дамуына бірдей мүмкіндік беріп отыр. Педагогтерге замануи білім және жаңа зертханаларда тәжірибе алуға мүмкіндік беретін «Дана бала» инновациялық білім беру алаңы педагогикалық тәжірибенің дамуына оң әсерін тигізеді, — деді Гаухар Жұманова.

Конференция барысында Ресейдің, Германияның, АҚШ-тың, Солтүстік және Шығыс Қазақстанның білім саласының мамандары онлайн-форматта баяндама жасады.

Шығыс Қазақстандағы өңірлік «Örken» ақпараттандыру және білім беруді дамыту ғылыми — әдістемелік орталығының өкілі Ардақ Күбентаева өзінің «ШҚО-да инклюзивті білім беруді дамытудың қазіргі тенденциялары» баяндамасында қазіргі білім инфраструктурасының жағдайын, мектептер мен балабақшаларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керектігін атап өтті.

«Санкт-Петербург ерте араласу институты» ҚКББ автономды коммерциялық емес ұйым директоры, клиникалық психолог Лариса Самарина балаға және оның отбасына ерте көмек берудің жаңа әдістерін таныстырды. Оның сөзінше, замануи ерте берілген көмек ғылыми білімдерге және ерекше балаларды қолдауға арналған әсерлі технологияларға жүгінеді.

Атап өтейік, конференция барысында қатысушылар тәжірибемен алмасып, Қазақстандағы инклюзивті білім берудің өзекті мәселелерін, даму барысын талқылады. Халықаралық іс-шара оқу орындары, ғылыми мекемелер мен білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.