12 декабря 2024
БҰЛ ОСЫЛАЙ БОЛҒАН ЕДІ: ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ КӨРГЕНДЕРДІҢ КӨЗІМЕН
С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да Қазақстан Республикасның Тәуелсіздік күніне орай «Бұл осылай болған еді: желтоқсан оқиғасы көргендердің көзімен» тақырыбында бірінші курс студенттерімен пікір алмасу алаңы ұйымдастырылды.
Шара «Желтоқсан оқиғасы фотосуреттерде» атты фотокөрмеден басталды. Фотокөрмеде Советтік ҚазТАГ тілшісі Юрий Беккер түсірген тарихи сурет «Төртеудің соты» ұсынылды. Бұл суретте Е.Көпесбаев, Т.Тәшенов, Қ.Рысқұлбеков және К.Күзембаев өздеріне шығарылған сот үкімін тыңдап тұрған сәт бейнеленген. Сонымен қатар, көрмеде 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматыда болған қазақ жастарының бірі Анар Рақымжанова, Желтоқсан оқиғасы құрбандарына арналған «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші, сондай-ақ желтоқсан қаһармандарының фотосуреттері мен олардың ерліктері баяндалған деректер ұсынылды.
Кездесу барысында Желтоқсан оқиғасының себептері, барысы мен салдары талқыланды. Шараға қатысқан арнайы қонақтар: сол уақытта Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқуда болған, университетіміздің Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Ляззат Жаманбаева және тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Раушан Нұрбекова. Олар көтеріліс ортасында болмаса да, оқиға кезінде Алматы қаласындағы жағдайды өз көздерімен көріп, куәгер болғандарын айтты.
– Бұл шара Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы мен оның егемендікті алудағы рөлін тереңірек түсіндіруге арналған. Студенттердің ұлтқа деген сүйіспеншілігін, тарихымызға қызығушылығын ояту және тәуелсіздік жолында құрбан болғандарға құрмет көрсету сезімдерін тәрбиелейді. Жастар бүгін тыңдаған маңызды ақпараттарының өз болашақтарына деген көзқарасына, өмірлік ұстанымдарына оң өзгерістер енгізетініне сенімдімін, – деді Ляззат Жаманбаева.
Сонымен қатар, желтоқсан оқиғасының қайсар тұлғаларының бірі Ербол Мұқажанұлы Сыпатаев туралы тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор, басқарма мүшесі Жаннетта Калимолдина баяндады.
– Біз бұл шарадан көптеген тың ақпарат алдық. Әсіресе, желтоқсан оқиғасын өз көздерімен көрген адамдардың әңгімелерін есту ерекше әсер қалдырды, – деді «Тарих» ББ бірінші курс студенті Айғаным Слямханова.