12 декабря 2024


«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 1986 ЖЫЛҒЫ ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА АШЫҚ ДӘРІСІ ӨТТІ

C.Аманжолов атындағы ШҚУ-да Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к Бейбітгүл Шүршітбай «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы» тақырыбында ашық дәріс өткізді.

Профессор бірнеше білім беру бағдарламасының студенттеріне Желтоқсан оқиғасының басталу себебін, түрткі болған оқиғасын, азаттық алу жолындағы жастардың рөлін ерекше атап өтті. Бұл оқиға қазақ халқының ұлттық санасының оянуына ықпал етіп, азаттыққа деген ұмтылыстың көрінісі болды.

— Желтоқсан оқиғасы тәуелсіздігіміздің бастауында тұр және оның бүгінгі күнге дейінгі маңызын жастарға түсіндіруден жалықпауымыз керек. Өздеріндей қазақтың өрімдей жастары ұлт азаттығы үшін жан беріп, аянбай күрескен. Бүгінгі дәрісімнің де мақсаты жастарға тарихи күннің мәнін жеткізу, олармен ашық пікір алмасу, — деді тарих ғылымдарының кандидаты Бейбітгүл Шүршітбай.

Студенттерге тек ауызша дәріс емес, бейнефильмдер де ұсынылды.

— Ашық дәріс арқылы көп мағлұматтар алдым. Осыған дейінгі алған білімім жаңғырып, толыға түсті. Соңында сұрақтарымызды қойып, тарихымыздың бүгінгі күнге және болашаққа әсері туралы өз ойларымызбен бөлістік, — деді Саясаттану және халықаралық қатынастар ББ 1 курс студенті Ақерке Шайық.

Білім алушылар бұл ауқымды дәріс тарихи оқиғаларға деген құрметті арттыруға, ұлт тағдырын түсінуге зор ықпал етеді деп атап өтті.