5 января 2025
ЖЕТІ ЖҮЗДЕН АСТАМ СТУДЕНТ COURSERA ПЛАТФОРМАСЫНДАҒЫ «ЖАСУШАҒА САЯХАТ» КУРСЫНА ТІРКЕЛГЕН
С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Биология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлназ Садықанованың «Coursera» платформасындағы «Эукариоттық жасушаның құрылымдық-функционалдық ұйымдастырылуы немесе жасушаға саяхат» онлайн-курсы білім алушылар арасында сұранысқа ие болып, студенттер қолжетімді форматта сертификаттарға ие болды.
— Менің зерттеу пәнім – жасуша биологиясы. Курстың мақcаты – жаcушаны күрделі биологиялық жүйе ретінде зерттеу, оны физиология, генетика, молекулалық биологияны меңгеруде қолдану. Менің жұмысымда жасуша теориясы, жасушаларды ұйымдастыру түрлері, эукариоттық жасушаның құрылымдық-функционалдық жүйелері, генетикалық ақпаратты сақтау, көбейту және енгізу жүйесі туралы соңғы мәліметтер берілген, — деді профессор.
Қазіргі таңда Гүлназ Садықанова университет оқытушыларына өз тәжірибесімен бөлісуде. Amanzholov University оқытушыларына арналған «coursera платформасына арналған жаппай онлайн курстардың оқу мазмұнын жоспарлау және педагогикалық жобалау» оқыту семинарын өткізді. Семинар барысында платформаға сабақ жүктеудің талаптары, құрылымы, бейнежазбаға қойылатын талаптар кеңінен түсіндірілді.
— Біздің ШҚУ Қазақстан бойынша coursera платформасына курс енгізген алғашқы ЖОО-лардың бірі. Енді екі тақырыпта курс әзірлеп жатырмын. Бұл платформа оқытушылар үшін, студенттер үшін де өте ыңғайлы. Осы жолдағы тәжірибеммен бөлісіп, әріптестерімді онлайн оқыту курстарын дайындауға шақырамын, — деді Гүлназ Садықанова.
Толық курсты дайындау үшін үш жылдан артық еңбек еткен биология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлназ Садықанова платформаға курс енгізу үшін дайындалған курс жаңа ғылыми жаңалықтар мен өзекті ақпараттарға толы болу керектігін басып айтты. Басты талаптардың бірі өзге тілде жарияланған осы тақырыптардағы курстардан артықшылығы болуында. Соңғы мәліметке сәйкес, платформаға жүктелген курсқа республика көлемінде 792-ге жуық адам тіркелген.
Айта кетейік, «2024 жылғы Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық байқауында Гүлназ Садықанова 2024 жылдың үздік оқытушысы атанды.