10 января 2025


СПАРТАКИАДА-2025: «ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ – ШҚУ-ДЫҢ АЖЫРАМАС БӨЛІГІ»

Биыл университеттегі спорттық ойындар қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақтан басталды. Логиканы, талдауды және тапқырлықты талап ететін ойыннан бақ сынасуға он команда жиналды. Ойын ережесіне сәйкес, әр командада бір ер және бір әйел қатысушы болуы шарт. Жарысқа Т.Сарсенханқызы төрелік етті.

Алғыр қатысушылар өз жағындағы отаулардың бірінен сегізін алып, біреуін орнында қалдырып, қалған құмалақтарды, солдан оңға қарай бір-бірлеп отауларға таратып, жеңіске қадам жасады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған 81 құмалақ тиесілі.

Тоғызқұмалақ ойнау С.Аманжолов атындағы ШҚУ оқытушылары мен қызметкерлері үшін тек спартакиадада жеңіске жетудің немесе бос уақыт өткізудің құралы ғана емес, тарихы терең ұлттық спорт түрі. Қазақ ғалымы, лингвист Сәрсен Аманжолов 1936 жылы алғаш рет тоғызқұмалақ ойынының ережесін жазып шығып, әдебиетке енгізген.

– Бұл факт біздің ұжым үшін тек мақтаныш қана емес, сондай-ақ үлкен жауапкершілікті де сезіндіреді. Тоғызқұмалақ – ШҚУ-дың ажырамас бөлігі, – деді қатысушы Айдын Базарқанов.

Ойын нәтижесінде үшінші орынды АТО мамандары иеленсе, екінші орын Жоғары колледж қатысушыларына бұйырды. Ал бірінші орынды IT және жаратылыстану жоғары мектебінің командасы жеңіп алды.

Айтып өтейік, қысқы спартакиада ойындары ШҚУ-да дәстүрлі түрде өтетін шараға айналды. Бұл ауқымды шара студенттер мен қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға айтарлықтай үлес қосып келеді.