21 января 2025


11-СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ АРАСЫНДАҒЫ АУҚЫМДЫ ВОЛЕЙБОЛ ТУРНИРІ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында 11-сынып оқушылары арасында Ректор кубогынан волейбол турнирі өтті. Турнирге аймақ және Өскемен қаласы мектептерінен 10 команда қатысты. Тартысты өткен ойында әр команда жеңіс үшін соңына дейін күресті. Бұған дейінгі матчтарда ойын ұзақтығы 30 минут болса, финалда командалар 1-1,5 сағат бойы бақ сынасты. Нәтижесінде ең мықты команда жеңіске жетті.

— Бізді қолдап, турнирге қатысқан барлық мектептерге алғысымды білдіремін. Біздің мақсат – тұлғаның ғылымда, оқуда ғана емес, спортта да жан-жақты дамуына ықпал ету, — деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

— Кез келген мамандықта табысқа жету үшін, білім алушының жеке мінез-құлқы осы салаға салаға сай болғаны дұрыс. Жоғары сыныпқа келгенде қызмет ететін салаңды ойланып, саналы түрде таңдау керек. Университет белсенді түрде талапкерлерді шақыру жұмыстарын жүргізіп келеді. Мектеп, ұйымдардың оқушыларын осындай шараларға шақыру талапкер жинауда ұтымды әдістердің бірі, — деді С.Аманжолов атындағы «Professional Upgrading» орталығының жетекшісі Жаннель Болатова.

Турнир қорытындысы бойынша Өскемен қаласындағы “Зәки Ахметов атындағы №16 орта мектебінің” командасы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентіндегі “Райымжан Мәрсеков атындағы орта мектебінің” командасы алса, үшінші орынды Глубокое ауданындағы “Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің” командасы иеленді.

Турнир соңында қатысушыларға дипломдар, медальдар және басты сыйлық – Ректор кубогы табысталды.