22 января 2025


ТАЗА СУ ЖӘНЕ САНИТАРИЯ – ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ КІЛТІ: «ГИДРОЭКОЛОГИЯ» БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ

Халықты таза сумен және санитариямен қамтамасыз ету – тұрақты дамудың басты міндеттерінің бірі. Су ресурстарына байланысты мәселелер жаһандық деңгейде өзектілігін сақтап келеді, ал оларды тиімді басқару үшін жоғары білікті мамандар қажет. Осы қажеттіліктердің орнын толтыру мақсатында С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да 2023 жылы «Гидроэкология, менеджмент және трансшекаралық су қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасы іске қосылды.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – су экожүйелерін қорғау, су ресурстарын тұрақты пайдалану және басқару міндеттерін тиімді шеше алатын жоғары білікті мамандарды даярлау. Бағдарлама түлектері гидроэкология, экологиялық мониторинг және су экожүйелерін қорғау саласы теориясын меңгеріп қана қоймай мол тәжірибе жинап шығады.

Оқу процесі теориялық, практикалық сабақтардан және далалық зерттеу алаңдарынан тұрады. Тәжірибеге басымдық берілуі арқасында студенттер құнды тәжірибе жинақтайды. Бағдарлама аясында студенттер су ресурстарын тұрақты пайдалану мәселелерін, халықаралық құқықтық реттеу тетіктерін және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету әдістерін оқиды. Мұндай тәсіл студенттерді су экожүйелерін сақтауға және басқаруға байланысты экологиялық мәселелерді шешуге дайындайды.

«Гидроэкология, менеджмент және трансшекаралық су қауіпсіздігі» бағдарламасы – тұрақты даму мен су ресурстарын қорғауға өз үлесін қосатын кәсіби мамандарды даярлаудағы маңызды қадам.