24 января 2025


ШҚУ СУ СҮЗГІСІН ЖАСАЙТЫН ЖАБДЫҚ САТЫП АЛДЫ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ құны 125 000 000 теңге тұратын су тазартатын сүзгі өндіретін L-BW 380 жабдығын сатып алды. Бұл ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «Су объектілерін тазарту үшін композициялық сүзгі материалдарын өндіру» жобасы аясында алынды.

Жобаның жетекшісі, университеттің аға-ғылыми қызметкері Тілек Қуанышбекұлының айтуынша, жаңа техника инновациялық сүзгілерді өндірудің маңызды кезеңдерін жоғары деңгейде іске асыруға мүмкіндік береді.


Еске салайық, 2023 жылы таныстырылған «Су объектілерін тазарту үшін композициялық сүзгі материалдарын өндіру» жобасы әлемдегі өзекті мәселелердің бірі – ауыз су сапасының төмендігін шешуге бағытталған. Жоба аясында университетте биополимерлер, керамикалық және көміртекті материалдар негізінде жасалған, графит оксидімен модификацияланған сүзгіш сорбенттер өндірісі жолға қойылады. Сондай-ақ сүзгілердің картридждерін жинау мен корпустарын дайындау да осы оқу орнының базасында жүзеге асады.
Университет ғалымдарының бастамасымен жасалған сүзгі үлкен кәсіпорындарда, тұрғын үйлерде қолданысқа беріле бастайды. Нәтижесінде су құрамындағы ауыр металдар, микроорганизмдер мен органикалық қосылыстарды тиімді жоюға мүмкіндік туады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын таза сумен қамтамасыз ете отырып, су нысандарын сапалы тазарту аймақтардың экономикадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.