28 января 2025


ШҚУ-ДА «МЕДИАЦИЯ ТУРАЛЫ ЗАҢ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңын дамыту мәселелері» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Бизнес және құқық жоғары мектебі мен құқықтану кафедрасы бірлесіп ұйымдастырды. Кездесуге Шығыс Қазақстан облысының судьялары, заңгерлер, адвокаттар, профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.

Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – заңды жетілдіру жолдарын және оның құқықтық тәжірибедегі рөлін талқылау.

Кездесу барысында әлеуметтік жобаларды дамыту, оның ішінде татуластыру рәсімдері мен мектеп медиациясын жетілдіру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Құқықтану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Ұлттық медиаторлар палатасының» РҚБ ШҚО бойынша өкілдігінің директоры Марианна Дячук медиацияны дауларды баламалы түрде шешудің құралы ретінде дамытудың және құқықтық мәдениетті арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шараға шетелдік сарапшылар да қатысып, өз көзқарастарын білдірді. Сонымен қатар, дауларды реттеу тәжірибесімен тұрақты түрде айналысатын Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьялары өз тәжірибелерімен бөлісті.

— Көптеген адамдар дау-дамайларды шешу үшін міндетті түрде сотқа жүгіну қажет деп есептейді. Алайда медиация, бейбіт келісім және партисипативтік процедура адвокаттар мен заң кеңесшілерінің қатысуымен дауларды тиімді шешуге мүмкіндік береді. Бұл қаржылық және уақыттық шығындарды едәуір азайтады, — деді ШҚО облыстық сотының судьясы Анжелика Володкина.

Шара соңында спикерлер медиация тәжірибесін тиімді енгізу үшін шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты жалғастыруға және тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін білдірді.