29 января 2025


«БИОХАУС-2025»: ШҚУ – ЖАСТАРДЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САНАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУШЫ

Өскемен қаласындағы Оқушылар шығармашылығы сарайында Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің экология және география кафедрасы мен Оқу-зерттеу экобиоорталығы бірлесіп ұйымдастырған «Биохаус-2025» өңірлік балалар экологиялық фестиваль-байқауы өтті.

Іс-шара Халықаралық биоалуантүрлілікті сақтау күні мен Дүниежүзілік қорықтар және ұлттық парктер күніне орай ұйымдастырылды.

Байқауға қала және қала маңындағы мектептердің шығармашылық экологиялық топтарынан құралған 20 команда қатысты. Қатысушылар Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарлардың макеттерін тұрмыстық қалдықтар мен қайта өңделген материалдардан жасап ұсынды. Сондай-ақ, экологиялық құндылықтарды насихаттауға, қала экожүйесін сақтауға және Шығыс Қазақстанның сирек әрі жойылып бара жатқан флора мен фаунасын қорғауға бағытталған театрландырылған көрініс сахналанды.

— Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің Оқу-зерттеу экобиоорталығының директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Анатолий Павлович Цыгановқа өңірдегі жас экологтар мен натуралистерді тәрбиелеуге қосқан көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдіремін, — деді экология және география кафедрасының меңгерушісі Назгүл Жеңсікбаева.

Бұл байқау заманауи жастардың экологиялық көзқарасын қалыптастыру, экологиялық мәдениетті дамыту және табиғатты қорғаудың маңыздылығы түсіндіруде үлкен рөл атқарды.

Айта кетейік, сайысқа тек байқау қатысушылары ғана емес, мектеп ұжымдарының жанкүйерлері мен «Экология» білім беру бағдарламасының 1-2 курс студенттері де атсалысты.