29 января 2025


КӘСІБИ ПРАКТИКАНЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ МЕН ӨТКІЗУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН ЗАМАНУИ ТӘСІЛДЕР

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да университет оқытушыларына арналған «кәсіби практиканы ұйымдастыру мен өткізудің ерекшеліктері мен замануи тәсілдері» тақырыбында оқыту семинары өтті.

ПБжМ кафедрасының сениор-лекторлары Гүлнұр Қилыбаева және Фариза Кенжебекова қатысушыларға педагогикалық практиканың құрылымын, студенттердің міндеттерін және білім беру процесіндегі заманауи әдістерді баяндады.

— Бүгінгі оқыту семинарында кәсіби практиканы ұйымдастыру мен өткізудің бірнеше міндеттері аталды. Ұйымдастыру шаралары арқылы білім алушылар балалар мен жасөспірімдердің психологиясы негізіне сүйене отырып, оқушылармен оқу-тәрбие жұмысын жүргізуді үйренеді. Сондай-ақ өндірістік іс-тәжірибеден өтетін студентті жан-жақты дайындайды, — деді ПБжМ кафедрасының сениор-лекторы Гүлнұр Қилыбаева.

Шара спикерлері ретінде экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының сениор-лекторлары Галина Галяпина және Людмила Белоусова да өзекті ақпараттармен және тәжірибелерімен бөлісті. Сарапшылар қатысушыларға экономика және басқару профиліндегі кәсіби тәжірибенің жаңа тәсілдері туралы айтып берді.

Айта кетейік, педагогикалық практика – болашақ мұғалімдердің кәсіби біліктілігін шыңдайтын маңызды кезең. Ол студенттерге теориялық білімдерін іс жүзінде қолдануға, оқыту әдістерін меңгеруге және оқушылармен тікелей жұмыс істеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.