4 февраля 2025
ШҚУ СТУДЕНТТЕРІ ОШ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНДЕ
С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген 2024 жылдың қараша айында Қырғызстанда өткен Орталық Азия жоғары оқу орындары ректорларының халықаралық форумына қатысты. Форумның басты мақсаты – өңірлік ынтымақтастықты кеңейту.
Іссапар аясында Ош мемлекеттік университетімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Мұхтар Төлеген мен Құдайберді Ғапаралиұлы халықаралық және ғылыми серіктестік мәселелерін, соның ішінде қос дипломды бағдарламалар мен бірлескен ғылыми зерттеулерді талқылады. Осылайша, екі университет арасындағы әріптестіктің алғашқы қадамы жасалды.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасына алғашқы болып С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының студенттері қатысты. Аружан Төрехан, Зерде Қызырали және Айжан Мәулітбек бір семестр бойы Ош мемлекеттік университетінде қырғыз тілі мен әдебиетін оқиды.
– Басында біраз қобалжыдым, себебі басқа елде бір семестр бойы оқу қиын сияқты көрінді. Бірақ бізді университет оқытушылары ерекше ықыласпен қарсы алды. Шындығында, қырғыз және қазақ тілдері өте ұқсас екен. Ош университетінің оқыту әдістемесі маған қатты ұнады, ал Ош қаласының тұрғындары өте қонақжай және мейірімді. Қырғызстандық топтастарымыз бізді жылы қабылдап, өз халқының мәдениеті мен тұрмысы жайлы қызықты деректерімен бөлісіп отырады. Бұл сапар бізге тек білім мен тәжірибе ғана емес, жаңа мәдени ортаға бойлауға мүмкіндік берді, – деді Аружан Төрехан.
Қыздар үшін бұл оқу семесті академиялық сапар ғана емес, мәдени тәжірибе алаңы. Ош мемлекеттік университеті оларға Орталық Азияның ең жылы аймақтарының бірінде тұрып, бір семестр бойы білім алуға мүмкіндік берді.
Келесі жылы Ош мемлекеттік университетінің студенттері С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне келіп, қазақ тілін меңгеретін болады.