10 февраля 2025
ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ: МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ ЕББҚ БАР БАЛАЛАРДЫ ОҚЫТУ ЖӨНІНДЕГІ КЕЙС-КОНФЕРЕНЦИЯ
С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы және «Психология және коррекциялық педагогика» кафедрасы Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасымен бірлесіп республикалық кейс-конференция ұйымдастырды.
Іс-шара БҰҰ-ның «Кез-келген жастағы барлық адамның әл ауқатын жақсартуға жәрдемдесу және салауатты өмір салтын ұстануға қолдау білдіру» үшінші тұрақты даму мақсатын іске асыру шеңберінде өтті. «Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытудың өзекті технологиялары» атты республикалық кейс-конференцияның мақсаты — мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында инклюзивті ортаны дамыту үшін ғылым мен тәжірибені біріктіру.
Конференцияға Астана қаласы, Абай облысы, Шығыс Қазақстан облысының 386 мектепке дейінгі білім беру ұйымы кейс-конференцияға онлайн қатысты. ШҚО білім басқармасының Өскемен қаласы білім бөліміне қарасты мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 150 басшысы мен психологтары және коррекциялық педагогика саласының сарапшылары офлайн қатысты. Қатысушылар инклюзия саласындағы тың және оң нәтиже беретін әдіс-тәсілдермен бөлісті.
— Бұл республикалық кейс-конференция инклюзия саласындағы өте өзекті мәселелерді көтерді. Осы саладағы сарапшылардың пікірлерін тыңдап, ең соңғы жаңалықтармен, жобалармен таныс болдық. Алдағы уақытта өз жобаларымда осы жердегі айтылған теорияны, көрсетілген практиканы қолданамын, — деді Астана қаласы әкімдігінің «№ 60 «Арай» балабақшасының” МКҚК педагог-ассистенті Жанна Ысқақова.
Конференцияда ЕББҚ бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету тәртібі, педагогтердің рөлі мен заманауи әдістерді қолдану жолдары талқыланады. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті білім беруді дамытудағы өзекті мәселелер мен тиімді шешімдер ұсынылды.
— С.Аманжолов атындағы ШҚУ мен ШҚО білім бөлімдерінің арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Инклюзия мамандарының басын қосқан ауқымды конференцияларға үнемі келемін. Қазір инклюзивті білім беру ортасы орта, арнайы білім беру ұйымдарында ғана емес, колледждерде де жүзеге асып жатыр. Қатысушылар бір-бірімізден тәжірибе алмасып, ортақ шешімдер қабылдадық, — деді ШҚО ББ «Örken» ШҚ өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығының арнайы, инклюзивті білім беру және интернаттық ұйымдар әдістемелік бөлімінің басшысы Ардақ Күбентаева.
Бұл конференция инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіруге, педагогтердің тәжірибе алмасуына және ерекше қажеттіліктері бар балаларға сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.