10 февраля 2025
ЛАЙЫҚТЫ ЖҰМЫС ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДІҢ ҮЛЕСІ
2015 жылы БҰҰ саммитінде XXI ғасырдың жаһандық сын-қатерлерін шешуге және әлем халқының лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған 17 мақсаттан тұратын Тұрақты даму тұжырымдамасы қабылданды. 193 мемлекет бекіткен бұл мақсаттар БҰҰ-ның «2030 күн тәртібі» резолюциясында белгіленіп, ұлттық стратегиялар мен даму бағдарламаларын әзірлеу үшін басты бағдар ретінде қарастырылады.
Негізгі мақсаттардың бірі – «Лайықты жұмыс және экономикалық өсім» (ТДМ 8). Ол тұрақты, жан-жақты және инклюзивті экономикалық дамуға, толық әрі нәтижелі жұмыспен қамтуға, сондай-ақ барлық азаматтар үшін лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған. Экономикалық даму қоғамның барлық топтары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, теңсіздікті азайтуға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға ықпал етеді. Алайда жұмыссыздық деңгейінің жоғары болуы, жұмыс орындарының жетіспеушілігі мен табыстың тең бөлінбеуі әлі де өзекті мәселе болып отыр. БҰҰ деректеріне сәйкес, шамамен 2,2 миллиард адам күніне 2 доллардан аз табыспен кедейшілік жағдайында өмір сүреді. 2016 жылдан 2030 жылға дейін өсіп келе жатқан еңбек нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жыл сайын 30 миллион, жалпы 470 миллион жаңа жұмыс орны құрылуы қажет.
Бұдан бөлек, тек жаңа жұмыс орындарын ашу ғана емес, 780 миллион адамның еңбек жағдайын жақсарту да маңызды, өйткені олардың табысы лайықты өмір сүруге жеткіліксіз. Әсіресе, әйелдер мен ерлердің тең дәрежеде жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болуы ерекше назарды талап етеді.
Лайықты жұмыс – бұл әр адамның тиісті табыс әкелетін, қауіпсіздікпен қамтамасыз етілген, әлеуметтік қорғау кепілдігі бар, жеке дамуға және қоғамға ықпалдасуға мүмкіндік беретін өнімді жұмыспен қамтылуы. Жұмыспен қамтудағы тең мүмкіндіктер кедейлік деңгейін төмендетуге, қоғам әл-ауқатын арттыруға және тұрақты экономикалық дамуға септігін тигізеді. Бұл үшін сапалы білімге және кәсіби дайындыққа инвестиция салу қажет, өйткені олар жастарды өзекті құзыреттермен қамтамасыз етіп, әлеуметтік кепілдіктерге қолжетімділікті кеңейтеді.
Amanzholov University тұрақты даму қағидаттарын ұстана отырып, қазіргі еңбек нарығының талаптарына сай жоғары білікті мамандар даярлауға өз үлесін қосуда. Университет елдің ғылыми-техникалық, инновациялық, экологиялық және әлеуметтік-мәдени жобаларын дамыта отырып, тұрақты және инклюзивті экономикалық өсімге ықпал етеді.
Университеттің негізгі бағыттарына жоғары сұранысқа ие мамандарды даярлау және олардың кәсіби өзін-өзі жүзеге асыруына жағдай жасау, академиялық ұтқырлық пен халықаралық ынтымақтастықты дамыту, инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізу, студенттік стартаптар мен кәсіпкерлікті қолдау, сондай-ақ жас зерттеушілер мен олардың ғылыми жобаларын дамытуға көмек көрсету жатады.
Осы бастамалардың арқасында Amanzholov University жаңа буын мамандарын қалыптастырып қана қоймай, өңір мен ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып, болашақ ұрпақ үшін тұрақты перспективалар жасауда.