11 февраля 2025


ШҚУ ҒАЛЫМЫ «ЖАС ҒАЛЫМ» ГРАНТТЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖОБАСЫН ҰТЫП АЛДЫ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің биология кафедрасының сениор-лекторы Құралай Алипина ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурсына қатысып, 1-орынды иеленді.

Жоба жетекшісі Құралай Алипина «Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік аймақтарында өсетін ағаш тұқымдарына техногендік факторлар мен климаттың өзгеруінің әсерін дендроиндикация әдісімен зерттеу» тақырыбында ғылыми жоба ұсынып, 47,6 балл жинады. Жобаның ғылыми кеңесшісі – Чоймаа Дуламсурен (Германия, Фрайбург, Альберт Людвиг университеті), ол климаттың өзгеруі мен жаһандық жылынудың ағаш өсімдіктеріне әсерін зерттеумен белсенді айналысады.

– Жоба өнеркәсіптік ластану мен климаттың өзгеруі жағдайында ормандарды тиімді басқару стратегияларын әзірлеуге бағытталған. Бұл орман ресурстарын дұрыс пайдалануға, жердің тозуының алдын алуға және биоалуантүрлілікті сақтауға ықпал етеді. Зерттеу нәтижелері өнеркәсіптік шығарындылар мен климаттың өзгеруінің ормандарға әсерін анықтап, шөлейттенумен күресуге және зақымдалған экожүйелерді қалпына келтіруге негіз болады, – дейді жоба жетекшісі.

Жоба ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен экологиялық басымдықтарға толық сәйкес келеді. Ол БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 13-ші  және 15-ші мақсаттарын жүзеге асырады.

Құралай Алипинаның айтуынша, ұлттық және халықаралық деңгейде маңызды зерттеу болашақта Қазақстанның басқа да өнеркәсіптік аймақтарында жалғасады. Сондай-ақ, мамандандырылған зертхана ашу және өнеркәсіптік аймақтарды көгалдандыру стратегияларын әзірлеу жоспарда бар.