14 февраля 2025


АЙТЫСТЫҢ АЙБЫНДЫ АҚТАҢГЕРІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде қазақ айтыс өнерінің көрнекті өкілі, суырыпсалма ақын Серік Құсанбаевпен әсерлі кездесу өтті. Кешті «Қаламгер» шығармашыл студенттер ұйымы ұйымдастырып, өнер мен руханиятқа жаны жақын жандарды бір ортаға жинады.

Кездесуге қатысқан студенттер мен ұстаздар қауымы айтыс өнерінің сырлы әлеміне бойлап, қазақтың дәстүрлі сөз өнеріне деген қызығушылықтарын арттыра түсті. Серік Құсанбаев өз тәжірибесімен бөлісіп, жас ақындарға бағыт-бағдар беріп, шығармашылығынан үзінділер орындады.

Әсерлі әңгіме, ұшқыр ой мен өрнекті өлеңдер тоғысқан кеште студенттер айтыскер ақынға өз сұрақтарын қойып, оның өнер жолындағы қызықты оқиғаларын тыңдады. Кеш соңында Серік Құсанбаев айтыс өнерін дәріптеп жүрген жастарға ақ батасын беріп, шығармашылық табыс тіледі.

Бұл тағылымды кездесу студенттерге рухани азық беріп қана қоймай, қазақтың төл өнеріне деген сүйіспеншілікті арттырған мәнді шара болды.