14 февраля 2025


«ПАРАСАТ» ЗИЯТКЕРЛІК КЛУБЫ – БІЛІМДІ ЖАСТАРДЫҢ ОРТАСЫ

Бүгінгі қоғамда білім мен интеллект басты құндылықтардың бірі. Зияткерлік қабілетті дамыту, логикалық ойлауды шыңдау, өз білімін үнемі жетілдіріп отыру – заман талабына сай жастардың басты мақсаттарының бірі. Осы орайда, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 2019 жылы құрылған «Парасат» зияткерлік клубы білімге құштар студенттер үшін ерекше ортаға айналды.

«Парасат» клубы алғашында ШҚУ-дың зерек жастарының бастамасымен құрылған болатын. Алғашында ШҚУ-дың жоғары мектептерінің, колледж студенттерінің арасында өтсе, алты жылдың ішінде зияткерлік клубының ауқымы кеңейіп қалалық деңгейде өтіп келеді. Қазіргі таңда 10-11 команда тұрақты түрде өз білімдері мен ойлау қабілеттерін шыңдауда. Әр аптада Өскемен қаласындағы басқа да жоғары оқу орындарының білімді жастары Аманжолов университетінде зейіндерін кеңейтіп, тиімді уақыт өткізуде.

— ШҚУ ректоры Мұхтар Төлегеннің қолдауымен наурыз айында облыстық және республикалық деңгейде зияткерлік куиз-ойынын ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл шаралар тек университет студенттері үшін ғана емес, бүкіл елдің дарынды жастары үшін үлкен мүмкіндік болмақ, — деді «Парасат» зияткерлік клубының жетекшісі Жігер Сарсенбаев.

Клуб аясында зияткерлік куиз-ойындар ұйымдастырылып, жастардың эрудициясын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Студенттер мұнда өз білімін көрсетіп қана қоймай, логикалық ойлау қабілетін жетілдіріп, жаңа білім көкжиегін кеңейтеді, жаңа достар табады.

Айта кетейік, «Парасат» клубы Өскемен қаласында зияткерлік ойындарды алғаш ұйымдастырған бастамашыл топ ретінде қала жастарының интеллектуалды дамуына ықпал етіп келеді.