14 февраля 2025


УНИВЕРСИТЕТ ОҚЫТУШЫЛАРЫ БЕЙНЕДӘРІСТЕР ТҮСІРУ МЕН МОНТАЖДАУДЫ МЕҢГЕРДІ

Оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру бөлімі мен гуманитарлық ғылымдар Жоғары мектебінің әдістемелік онкүндігі аясында оқытушыларға арналған «Үй жағдайында бейнедәрістер түсіру және монтаждау» тақырыбында семинар өтті.

Семинарды филология ғылымдарының кандидаты, қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының сениор-лекторы Асель Берікболова жүргізді. Ол бейнедәрістерді монтаждаудың негізгі кезеңдерін түсіндіріп, ең танымал бағдарламалар мен үй жағдайында видеоөңдеудің тәсілдерін таныстырды. Сондай-ақ техникалық құрал-жабдықтарды қолдану және баптау мәселелеріне ерекше назар аударылды: гаджеттер, фотоаппараттар, жарық пен дыбысты реттеу, ракурстармен жұмыс істеу.

Семинарға қатысушылар CapCut қосымшасын пайдалануды, дыбысты дұрыс баптауды, эффектілерді қолдануды және бейнедәрістер жасауды үйренді.

— Қазіргі таңда біз цифрландыру дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, сондықтан бұл тақырып өзекті. Сонымен қатар университет онлайн-оқытуға лицензия алу үшін дайындық жүргізуде. Осыған байланысты үй жағдайында дәрістерді түсіріп, монтаждау – оқытушылар үшін аса маңызды дағдылардың бірі. Бұған семинарға қатысушылардың жоғары қызығушылығы да дәлел, – деді академиялық саясат және білім беру бағдарламаларын басқару департаментінің директоры Ержан Домалатов.

Семинар соңында спикер қосымша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.