14 февраля 2025


ШҚУ ШЕМОНАИХА АУДАНЫНДА КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗДІ

ШҚУ ректоры Мұхтар Төлегеннің жетекшілігімен Amanzholov University өкілдері Шемонаиха ауданына барып, мектеп түлектерімен кәсіби бағдар беру кездесуін өткізді. Кездесу барысында түлектерге университеттің білім беру бағдарламалары мен артықшылықтары туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Шараның ашылуында Шемонаиха ауданының әкімі Кеңесбаев Дидар Мұхтарбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, университеттің еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ШҚУ-дың көптеген түлектері бүгінде аудан мектептерінде ұстаздық етіп жүргенін айтты. Әкім кәсіби бағдар беру жұмысының маңыздылығын ерекше атап өтіп, осындай игі шара ұйымдастырған университет басшылығына алғысын білдірді.

Белсенді студенттердің қатысуымен қойылған «Amanzholov University күндері» концерті оқушылардың назарын аударды.

Кәсіби бағдар беру саласындағы белсенді ынтымақтастығы үшін аудан әкіміне Абай Құнанбайұлы атындағы төсбелгі табысталды. Сонымен қатар, білім бөлімі өкілдері мен университеттің дамуына ерекше үлес қосқан мұғалімдер марапатталды. Университет ректоры оқу мен қоғамда биік жетістіктерген жеткен студенттердің ата-аналарына Алғыс хаттар табыстап, ілтипат білдірді.

— Белсенді студенттердің концертінен кейін оқушылар университетке үлкен қызығушылық танытты. Аудан түлектері ҰБТ-дан жоғары ұпай жинап, біздің ЖОО-да табысты білім алып жатыр. Білім алушылар ғылымда да, қоғамдық жұмыстарға да белсенді. Осындай озат оқушыларға бүгін университет грантын табыстағаныма қуаныштымын, — деді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Шара соңында ШҚУ-дың белсенді жастары вокалдық және би қойылымдарын тарту етті. Көрермендерге ерекше әсер қалдырған экологиялық тақырыптағы хореографиялық қойылым студенттік өмірдің қаншалықты қызықты әрі мазмұнды екенін тағы бір дәлелдеді.