17 февраля 2025


БОЛАШАҚ ПСИХОЛОГТАР ТРАНЗАКЦИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ТЕОРИЯСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Da-Vinci даму орталығының жетекшісі, психолог, транзакциялық талдау әдісінің маманы Ақмарал Назбиева психология және түзету педагогикасы кафедрасының студенттерімен арнайы кездесу өткізді. Кездесудің басты мақсаты – транзакциялық талдаудың негізгі теорияларын, оның адамның жеке және әлеуметтік қарым-қатынастарындағы рөлін түсіндіру.

Кездесу барысында психолог студенттерді транзакциялық талдаудың үш негізгі құрылымымен – ата-ана, ересек және бала құрылымымен таныстырды. Әр құрылымның психологиялық мінез-құлықтағы орны, олардың өзара әрекеттесу қағидаттары және күнделікті өмірде қалай көрініс табатыны талқыланды. Сонымен қатар, студенттерге транзакциялық талдау әдісі арқылы қарым-қатынасты тиімді басқарудың практикалық үлгілері ұсынылды.

Кездесу барысында студенттер маңызды мәліметтер алып, транзакциялық талдау құралдарын меңгерді. Нәтижесінде, олар қарым-қатынастағы қиындықтарды жеңу және жеке даму барысында осы әдісті қолдануға ерекше қызығушылық танытты.