19 февраля 2025


ТЕЛЕПРОДЮСЕР ӘЛІШЕР СҮЛЕЙМЕНОВ ЖАҢА МАМАНДЫҚТАР ЖАЙЛЫ АШЫҚ ДӘРІС ӨТКІЗДІ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да танымал телепродюсер Әлішер Сүлейменов қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика білім беру бағдарламаларының студенттеріне  «15 жылда пайда болатын жаңа мамандықтар» тақырыбында ашық дәріс өткізді.

Спикер білім алушыларға оқу орнын бітіргеннен кейін өз мамандықтары бойынша табысты жұмыс табулары үшін сандық технологияларды меңгеріп, жаңа мамандықтардан хабардар болып отыру керектігін атап өтті.

— Әрбір жоғары оқу орнын бітіретін студент үшін өзекті тақырыпты қозғадық. Бүгінгі оқып жатқан мамандық болашақта қажет болуы үшін сандық технологияны жоғары деңгейде меңгеруіміз қажет. Жас мамандардың өз саласына байланысты жан-жақты білімі болғаны жөн. Нарықтағы өзгерістерді зерттеп, соған сай бейімделу қажет, — деді Әлішер Сүлейменов.

Қатысушылар бүгінгі ашық дәрісте еңбек нарығына сай сұранысқа ие мамандықтарды оқудың маңызын түсіндіріліп және кәсіби бағдар берілді деп атап өтті.

— Ашық дәрісте алдағы уақытта пайда болатын жаңа мамандықтарға жеке-жеке тоқталды. Бізге зерттеу ауқымы кең бірнеше бизнес идеяларды ұсынды. Зерттеу объектісі мен тиімділігін түсіндірді. Дәріс өте қызықты өтті. Болашақта табысты жұмыс табуымызға көмегі тиетініне сенімдімін, — деді Алина Сыдықанова.

Кездесу барысында білім алушылар белсенділік танытып, жаһандық технологиялық өзгерістер мен жаңа мамандықтар жайлы еркін пікір алмасты.