21 февраля 2025


ШҚУ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ-ТЕХНИКАЛЫҚ ЖОБАЛАР БОЙЫНША ГРАНТТЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ БАРЫСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға өтінімдерді дайындау» тақырыбында оқу семинары өтті.

Семинардың мақсаты – университет оқытушыларымен интерактивті әңгіме жүргізу арқылы гранттық қаржыландыруға өтінім беру процесін түсіндіру. Әсіресе, жобаның тақырыбын дұрыс таңдау және оның Қазақстанның ғылыми-технологиялық дамуының басым бағыттарына сәйкестігіне ерекше назар аударылды.

Шараның спикері ретінде физика-математика ғылымдарының кандидаты, математика кафедрасының меңгерушісі Ерлан Ерғалиев сөз сөйледі. Ол қатысушыларға Ғылыми-техникалық комитет порталында жұмыс істеу алгоритмін жан-жақты түсіндіріп, өтінімдерді сәтті тапсыру үшін көрнекі мысалдар мен қадамдық нұсқаулықтар ұсынды.

– Бүгінде университеттің бәсекеге қабілеттілігі тікелей ғылыми зерттеулерге байланысты, ал математика кафедрасы жобаларды қалай ұтып алуға болатынын өз тәжірибесінде көрсетті, – деді Ерлан Ерғалиев.

Сонымен қатар, спикер әрбір мамандық бағытында қаржыландыру алатын ғылыми жобалар болуының маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл тек университеттің беделін арттырып қана қоймай, елдегі білім беру бағдарламаларының жалпы рейтингіне де әсер етеді.