21 февраля 2025


«ҚҰРМЕТ» ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІ БӨБЕКТЕР ҮЙІНІҢ МАҢАЙЫН ҚАРДАН ТАЗАЛАДЫ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің белсенді студенттері декан Слямбек Оразалиннің жетекшілігімен “Өскемен қаласының мамандандырылған балалар үйіне” барып, мекеме айналасын қардан тазалады. “Құрмет” қозғалысы аясында белсенді студенттер қоғамға пайдалы істермен айналысуда.

– Біздің студенттер қыс мезгілінде қарттар үйі, балалар үйі және мектептердің айналасын қардан тазалауға көмектесіп келеді. Бүгін де Өскемен қаласындағы бөбектер үйіне келіп, мекеме маңайын қардан тазарттық, – деді Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Слямбек Оразалин.

Құрамында қырыққа жуық белсенді студенттер мен оқытушылар бар қозғалыс жаз айларында жалғыз басты қариялардың үй маңын реттеуге, отын жарып, қыста көмір тасуға да көмектеседі.

– Бүгін біз бөбектер үйінің маңайын қардан тазаладық. Барлығымыз қайырымдылық іске бар күшімізді салдық. Осындай игі жұмыстарды жиі істегіміз келеді, – деді Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Тәжікстаннан келген студент Надежда Голикова.

Мұндай іс-шаралар студенттердің әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, азаматтық белсенділігін дамытады, сондай-ақ оларды мейірімділік пен жанашырлыққа тәрбиелейді.