24 февраля 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY ПРОФЕССОРЫ ГАЖ-ТЕХНОЛОГИЯЛАР АРҚЫЛЫ ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДА

Экология және география кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD доктор Назгүл Жеңсікбаева геоақпараттық технологиялар көмегімен табиғи және тарихи-мәдени нысандардың экожүйесін сақтауды зерттеуде. Оның негізгі мақсаты – Шығыс Қазақстанның киелі орындарының бірыңғай тізімін жасап, туризмді дамыту.

Жақында ғалымның авторлық жобасы ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруын жеңіп алды. Енді Назгүл Жеңсікбаеваның табиғи, сәулеттік, тарихи-мәдени ескерткіштерді анықтауға, туристік тартымдылықты арттыруға және экожүйені қорғауға мүмкіндік беретін идеясын жылдам әрі сапалы жүзеге асыруға мүмкіндігі бар.

– Мен ГАЖ-технологияларды пайдалана отырып, өңіріміздің жаңа немесе аз зерттелген туристік орындары туралы ақпарат беруді жоспарлап отырмын. Мысалы, геологиялық ескерткіш Қиын-Керіш, Қалғұты ауылы, көне түркі балбал тасы, ерекше діни-ғұрыптық тастар және т.б. бойынша мұрағаттық фотолар мен бейнематериалдар жинап, оларды қазақстандықтар мен шетелдіктер үшін арнайы веб-ресурсқа жүктеу жоспарымда бар, – деді профессор.

Оның айтуынша, электронды жолкөрсеткіште әртүрлі монографиялар, энциклопедиялар, цифрлық карталар жинақталады. Бұл Қазақстанның әлемдік деңгейде танылуына оң әсер етіп, киелі жерлер мен олардың экожүйесінің жағдайын мониторингтеуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта жоба авторы Оңтүстік Алтайдың картографиялық жинақтарын құрастырды және туристік маршруттарды әзірледі.