26 февраля 2025


ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕРДІҢ БІР КҮНІ

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Слямбек Оразалиннің жетекшілігімен академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Тәжікстаннан келген студенттер өздерінің күнделікті өмірін таныстырып, университеттегі бір күндерін қалай өткізетіндерін көрсетті.

Бұл шара барысында тәжікстандық жастар оқу үдерісі, бос уақыттарын қалай ұйымдастыратыны және қызығушылықтары туралы әңгімелеп, университет өмірінің түрлі қырларын көрсетті.

— С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде оқу деңгейі өте жоғары. Мұндағы атмосфера білім алуға деген ынтамызды арттырады. Оқу үдерісі теория мен тәжірибені ұштастырып, жан-жақты дамуға мүмкіндік береді. Әр күнімізді пайдалы өткізуге тырысамыз,” – деді академиялық ұтқырлық бағдарламасының қатысушысы Фотех Вахобов.

Дәрістерден кейін студенттер спортқа уақыт бөліп, волейбол ойнады. Командалық рух пен жарысқа деген қызығушылық достық атмосфераны қалыптастырып, ойынды қызықты әрі әсерлі етті. Шығармашылыққа жақын студент қыздардан құралған “Үлбі” ансамблі ұлттық билерін биледі.

— ШҚУ бізді өте жылы қарсы алды. Екінші күні ректор бізбен кездесіп, қолдау білдірді. Мұнда сабақтан тыс уақыт тиімді ұйымдастырылған. Сенбі күндері футбол, волейбол ойнаймыз. Жатақханалар мен оқу ғимараттарының техникалық базасы жоғары деңгейде. Бізге барлығы ұнап жатыр,” – деді академиялық ұтқырлық бағдарламасының қатысушысы Орифчон Собиров.

Шетелдік студенттер Қазақстаннан академиялық ұтқырлық бағдарламасымен келетін жастарды қуана қарсы алатынын және оларды өз бауырларындай қолдайтындарын жеткізді.

Еске салайық, осыған дейін тәжікстандық студенттер Өскемен қалалық мамандандырылған Сәбилер үйнің маңын қардан тазартып, қайырымдылыққа ат салысқан еді. Олар жергілікті студенттерден құралған «Құрмет» қозғалысына қосылып, алдағы уақытта да ауқымды игі шараларды жүзеге асырмақ.