27 февраля 2025
ОРХУН: ШҚУ-ДА БАУЫРЛАС ЕЛДЕРМЕН АЛМАСУ БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Халықаралық ынтымақтастықты
арттыру университеттің стратегиялық дамуында негізгі рөл ойнайды. Соңғы жылдары
ШҚУ әлемнің жетекші университеттерімен және ғылыми орталықтарымен 200-ден астам
меморандумға қол қойды, бұл осы аспектінің басымдыққа ие екенін көрсетеді.
Өйткені ол елдің имиджіне, тұрақты дамуына және экономикалық өсуіне тікелей әсер
етеді.
Университет басшылығы
профессорлық-оқытушылар құрамының халықаралық тағылымдамалары мен студенттердің
академиялық алмасуына ерекше назар аударады. Жастар арасында ең өзекті
бағдарламалардың бірі – Түркі кеңесінің Түркі университеттері одағына мүше университеттер
арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған «Орхун» академиялық алмасу
бағдарламасы. Бұл одаққа Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Венгрия,
Қырғызстан кіреді. Осы елдердің әрқайсысымен ШҚУ ғылым және білім саласындағы
тығыз қарым-қатынастарды нығайтып, 2022-2023 оқу жылынан бастап белсенді жүзеге
асырылып келе жатқан «Орхун» бағдарламасы арқылы тиімді ынтымақтастық орнатуда.
Альма-матер
ректоры Мұхтар Төлеген шетелдік ғалымдардың ғылыми-зерттеу тағылымдамаларын
тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.
— Бүгінде
университет әлемнің жетекші университеттерімен және ғылыми орталықтарымен
байланысты белсенді түрде нығайтуда. Бұл студенттер мен оқытушыларға оқуға,
тәжірибе алмасуға және бірлескен зерттеулер жүргізуге бірегей мүмкіндік береді.
Осындай өзара әрекеттесу форматы университеттің білім беру жүйесін тартымды әрі
беделді етіп, оны әлемдік білім кеңістігіне интеграциялаудағы негізгі
факторлардың біріне айналдырады, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар
Төлеген.
Түркияның Кырыкларели
университетінің профессоры Бюлент Байрам қазақ, орыс филологиясы және
журналистика кафедрасында түркология және фольклористика бойынша дәрістер
өткізді. Оның сабақтары студенттер мен оқытушылар арасында түркологияны
тереңірек зерттеуге серпін берді.
«Орхун»
академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында профессорлар Айгүл Әлімхан мен Айжан
Қартаева Измир қаласындағы Эге университетіне іссапармен барды. Олар Эге
университетінің әдебиет факультетінің «Түрік тілі және әдебиеті» мамандығының 3
және 4 курс студенттеріне Абай шығармашылығы бойынша дәрістер оқыды. Сондай-ақ,
«Түркі әлемі» ғылыми-зерттеу институтында «Мұхтар Әуезов және түркі әдебиеті»
атты ғылыми семинарда баяндама жасады.
Осы жылдың
көктемінде Мемлекеттік Экономикалық Университеттің қолданбалы экономика бағыты
бойынша экономика ғылымдарының кандидаты Лейла Ариф Гаджиеваның қонақ дәрістері
жоспарланған. Бұл бұрыннан қалыптасқан серіктестікке жаңа серпін береді.
Айта кетейік,
бағдарлама қатысушылары үшін оқу және тұру тегін. 2023 жылдың өзінде 10-нан
астам студент пен оқытушы шетелдік серіктес жоғары оқу орындарында білім алуға
аттанды. 2024-2025 оқу жылында «Орхун» бағдарламасы бойынша ШҚУ-дан төрт
оқытушы және бес студент шетелдік жоғары оқу орындарына білімдерін жетілдірді.