27 февраля 2025


«ҚҰТҚАРУШЫ» ӘСКЕРИ-СПОРТТЫҚ МЕРЕКЕЛІК ШАРАСЫ ӨТТІ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ базасында Өскемен қаласының әскери-патриоттық бірлестіктерінен құралған командалар «Құтқарушы» әскери-спорттық мерекелік шарасына қатысты. Шараның мақсаты – жастардың азаматтық қорғаныс дағдыларын жетілдіру, әскери-патриоттық тәрбие беру және командалық рухты нығайту.

ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген құттықтау сөз сөйлеп, университет базасында білімді, патриотты жастарды көргеніне қуанышты екенін білдіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Жыл сайын Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күніне орай осындай әскери дайындықты шыңдайтын шараларымыз өтіп тұрады. Бүгінгі жарысқа қала мектептерінен сегіз команда қатысып отыр. Барлығы жоғары дайындықпен келген, жеңіске деген құлшыныстары байқалды, – деді мәдениет, спорт және алғашқы әскери дайындық кафедрасының сениор-лекторы Виктор Сунцов.

Қатысушылар автоматты бөлшектеп жинау, көздеп ату, арқан тартыс сияқты ептілкті қажет ететін сайыста сынға түсті.

– Біз осы сайысқа өте жоғары деңгейде дайындалдық. Қарсыластар да өте мықты болды. Жарыс өте тартысты өтті. Бар күшімізді салып бірінші орын алдық, – деді “Алаш” командасының капитаны Тимофей Завьялов.

Шара соңында Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күніне арналған «Құтқарушы-2025» қалалық әскери-патриоттық мерекесіне қатысқан командалар марапатталып, ақшалай сертификаттарға ие болды.

Сайыс қорытындысы бойынша №35 орта мектебінің «Сұңқар» әскери-патриоттық бірлестігі командасы 3 орын,  46 орта мектебінің “Айбын” әскери-патриоттық бірлестігі 2орын , №19 орта мектептің «Алаш» әскери-патриоттық бірлестігі 1 орынға ие болды.