28 февраля 2025


«АЛҒЫС – АДАМЗАТТЫҢ АСЫЛ САПАСЫ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Алғыс айту күніне орай Тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жаннета Қалимолдинаның жетекшілігімен «Алғыс – адамзаттың асыл сапасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шара барысында Жаннета Амангелдіқызы Алғыс айту күнінің тарихына тоқталып, бір тудың астында біріккен түрлі этностарға қолдау көрсеткен қазақ халқының кеңдігі мен қонақжайлығын атап өтті.

Дөңгелек үстелге Шығыс Қазақстан облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Ермек Асқаров, Түрік тілі мен әдебиеті білім бағдарламасының сениор-лекторы Садуллах Думан бей, сондай-ақ профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттер қатысты.

– Қазақ халқы – мәдениеті жоғары, көрегенді халық. Қиын-қыстау заманда өзге ұлт өкілдерін бауырына басқан қазақ еліне алғысымды білдіремін. Бүгінгі шарада әртүрлі ұлт өкілдерімен бір үстелде бас қосқаныма өте қуаныштымын. Қазақстанда жүргеніме бес жыл болды, – деді Садуллах Думан бей.

Кездесу соңында қатысушылар алғыс айту мәдениетінің қоғамдағы сыйластық пен бірлікті нығайтудағы маңызына тоқталып, осындай іс-шаралардың қоғамдық келісімді бекітуге қосатын үлесін ерекше атап өтті.