28 февраля 2025


«ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МОДЕЛІ» ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАРЫ ӨТТІ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Dana bala» инклюзивті және үздіксіз білім беру орталығында ШҚО ББ «Облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиясы» КММ-мен бірлесіп, «Инклюзивті білім берудің әлеуметтік-педагогикалық моделі» тақырыбында әдістемелік семинар өтті.

Спикер ретінде сөз сөйлеген «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі Алима Алипова, ОПМПК жетекшісі Рауан Байчинов, ОПМПК психологы Майгүл Ыдырысова, логопед Альбина Талғатова, дефектолог Шынар Бұрқашева тың ақпараттармен бөлісті.

— Инклюзивті білім беру – қоғамдағы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Мұндай кездесулер мамандардың тәжірибе алмасуына, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді, — деді Алима Алипова.

Шараға Өскемен қалалық «№1 Балапан» балабақша-бөбекжайының тәрбиешілері қатысып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері мен технологияларын меңгерді.

Семинар барысында инклюзивті білім берудің нормативтік-құқықтық негіздері, ЕББҚ бар мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істеудің заманауи технологиялары мен әдістері, ЕББҚ бар балаларды әдістемелік-технологиялық қолдау мәселелері талқыланды.
Тәрбиешілер мамандарға өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, қызу пікір алмасты.