28 февраля 2025
ШҚУ-ДА СТУДЕНТТІК ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ректор Мұхтар Төлеген және Директорлар кеңесінің төрағасы Амерхан Рахимжановтың қатысуымен студенттік ұйымдардың кездесуі өтті. Шара барысында университеттегі тәрбие және әлеуметтік жұмыстарды қамтитын студенттік өзін-өзі басқару қызметі таныстырылды.
Айта кету керек, ШҚУ-дағы тәрбие және әлеуметтік жұмыс «Толық адам» философиясы негізінде жүзеге асады. Басты басымдықтар – студенттерді қоғамдық өмірге белсенді қатысуға дайындау, көшбасшылық және әлеуметтік дағдыларын қалыптастыру, кәсіби дамуға жағдай жасау, денсаулықты нығайту, сондай-ақ алкоголь мен құмар ойындарға тәуелділік сияқты деструктивті құбылыстардың алдын алуға бағытталған мәдениетті дамыту.
Бүгінде университетте 18 студенттік бірлестік жұмыс істейді. «Жастар ісі жөніндегі комитет», «Парасат» интеллектуалды клубы және «Саналы ұрпақ» клубы жауапкершілігі жоғары, мәдениеті қалыптасқан, әлеуметтік белсенді тұлғаны тәрбиелеумен айналысады. «Ақбозат» шахмат клубы, «Шабыт» және «Авангард» студенттік театрлары, сондай-ақ «Жайдарман» клубы салауатты өмір салтын, ұлттық ойындарды насихаттап, студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Волонтерлік қызметпен «Мейірім» және «Шуақ» клубтары айналысады, олар студенттерге қолдау көрсетіп, еріктілер қозғалысын дамытады. «Ділмар» дебат клубы, «Геродот» тарихи ұйымы, «Парасатты жастар» бірлестігі, сондай-ақ «Оқырман» және «Қаламгер» клубтары жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру мен патриотизмді қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, арнайы әйелдер клубы – «Көркем» жұмыс атқарады.
Кездесу барысында студенттер өз ұйымдарының қызметін таныстырып, түрлі саладағы қабілеттерін көрсетті. «Оқырман» клубының мүшелері домбыраның сүйемелдеуімен арнау орындаса, «Көркем» әйелдер клубының қыздары қонақтарға тәттілер таратты. Студенттік театр Жұмысшы мамандықтар жылына арналған монолог оқып, ал «Шуақ» волонтерлер клубының мүшелері домбырада ойнап, ұлттық нақыштағы атмосфера қалыптастырды.
Ерекше сәттердің бірі – кездесуге қатысқан Тәжікстаннан келген студенттердің өз алғыстарын білдіруі болды. Олар университеттің жылы қабылдағанына және студенттік қауымдастықтың бір бөлігі болу мүмкіндігіне ризашылықтарын жеткізді. Кездесу әсерлі өтіп, студенттік бастамалардың маңыздылығын айқындады.