4 марта 2025


ШҚУ ӘЗІРБАЙЖАННЫҢ ҮШ ЖЕТЕКШІ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫМЕН МЕМОРАНДУМДАРҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ Әзірбайжанның үш жетекші университетімен меморандумдарға қол қойды. Атап айтқанда, Әзірбайжан мемлекеттік мұнай және өнеркәсіп университеті (ASOIU), Әзірбайжан мемлекеттік педагогикалық университеті (ADPU) және Әзірбайжан тілдер университеті. Келісімнің мақсаты – екі ел арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ білікті педагогикалық кадрлерді дайындауда серіктестікті нығайту.

ADA университетінде тараптар арасындағы қос дипломдық бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру, инновациялар, ғылыми зерттеулер, өзара алмасу бағдарламаларын кеңейту мәселелері талқыланған «дөңгелек үстел» ұйымдастырылған. Талқылау қорытындысында екі елдің 17 университетінің қатысуымен өзара түсіністік туралы 40 меморандумға қол қою рәсімі өтті.

-Біздің университеттеріміздің ынтымақтастығы аясында жүзеге асатын қос дипломдық бағдарламаның педагогтер, филологтар, лингвистер мен аудармашылар, сондай-ақ журналистика және халықаралық саланың болашақ мамандарын даярлауға берер мүмкіндігі зор. Сонымен қатар, өзара келісім нәтижесінде халықаралық грант бағдарламаларына, жобаларға бірлесіп қатысу және профессорлық-оқытушылар құрамы мен білім алушыларды алмасу жүзеге асырылады,-деді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.