4 марта 2025
ҚАЗАҚСТАН МЕН ӘЗІРБАЙЖАН: ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУ
Бүгін Бакуде АДА университеті базасында Қазақстан мен Әзірбайжанның Ғылым және жоғары білім министрлерінің қатысуымен дөңгелек үстелдің ашылуы өтті. Іс-шараның басты мақсаты – екі ел университеттері арасындағы әріптестікті нығайту және дамыту. Дөңгелек үстелге қос республиканың Ғылым және жоғары білім министрлері, Қазақстанның Әзірбайжандағы елшісі, сондай-ақ 30-дан астам университеттің ректорлары қатысты.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде академиялық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, халықаралық білім беру хабын құру перспективалары туралы айтты:
– Біздің білім беру кеңістігімізге беделді зерттеу университеттері қосылып, спутниктік кампустар, филиалдар, бірлескен бағдарламалар ашылуда. Бізде мықты жоғары оқу орындары бар. Сіздер біздің ресурстарымызды, біз сіздердің ресурстарыңызды пайдаланып, өзара тиімді байланыс орната аламыз. Біз бауырлас халыққа білім мен тәжірибе алмасу аясында күш біріктіруді ұсынамыз, – деді министр.
Әзірбайжан Республикасының Ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев та ынтымақтастыққа дайын екенін білдіріп, университеттерді дамыту екі елдің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Университет ректорлары академиялық байланыстарды нығайту бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректоры Гүлмира Қанай «Орхун» бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықтың әлеуетін атап өтсе, Бакин мемлекеттік университетінің ректоры Эльчин Бабаев ғылыми ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтіп, зерттеу инфрақұрылымын бірлесіп пайдаланудың маңыздылығын айтты.
Кездесудің маңызды бөлігі ретінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Құсмановтың «Study in Kazakhstan» бағдарламасы туралы баяндамасы болды. Ол Қазақстанға шетелдік студенттерді тартудағы оң үрдістерге тоқталды.
– Мұндай өзара байланыстар арқылы біз серіктестерімізден үйренеміз, сапа кепілдіктері, ғылыми-зерттеу орталықтары, технопарктер, академиялық байланыстар және басқа да бастамалар туралы мол ақпарат аламыз, – деді Әділ Құсманов.
Сонымен қатар, адами капиталды дамытуға ерекше назар аударылды. Бұл инновацияларды дамытуға, бизнес-ортаны нығайтуға және Қазақстан мен шетелдердегі тұрақты еңбек нарығын қалыптастыруға ықпал етеді.