5 марта 2025


ШҚУ-ДА СТУДЕНТ ҚЫЗДАРДЫҢ ӘДЕБИ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖИНАҒЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай талантты, дарынды студент қыздардың шығармашылығынан құралған «Кестелі орамал» атты әдеби жинақтың тұсаукесері өтті.

– Бүгін біз қыздар шығармашылығына арналған ерекше кітаптың тұсауын кестік. Бұл жинақ – қазақ қызының жан дүниесін, тәрбиесін, өнері мен өнегесін дәріптейтін ұлттық рух пен тағылымға толы туынды. Басты мақсат – студент қыздардың шығармашылық әлеуетін дамыту, қолдау көрсету және ынталандыру, – деп бөлісті Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Слямбек Оразалин.

Жинақтың тұсаукесеріне студент-жастардың қаламынан туған шығармашылық еңбектер мен әдеби жинақтардың жарыққа шығуына демеушілік жасап жүрген «Берел» баспасының директоры Сара Асқарқызы, болашақ журналистерге бағыт-бағдар беріп жүрген «Жас тілші» үйірмесінің жетекшісі, «Менің өлкем» газетінің бас редакторы Талғатжан Мұхамадиев және Шет тілдері және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі Гүлнара Капышева қатысты.

Шара аясында елімізде өтіп жатқан «Анаға хат» челленджі негізінде ұйымдастырылған «Асыл ана» атты ой-толғау байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауда үздік деп танылған он студентке арнайы жүлделер табысталды.

Салтанатты кеш концерттік бағдарламаға ұласып, студенттер ана туралы жүрекжарды өлең-жырларын оқып, өз өнерлерін ортаға салды. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Тәжікстаннан келген студенттер шараға өз үлестерін қосып, тәжік халқының биін орындады. Сондай-ақ, қазақтың күмбірлеген күйлерінен попурри орындаған домбырашылар мерекелік кешке ұлттық нақыш пен ерекше әсер сыйлады.