5 марта 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY БАКУДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ

Баку қаласында Қазақстанның 20-дан астам жоғары оқу орны қатысқан білім беру көрмесі өтті. Екі күндік шара әзірбайжандық студенттерге Қазақстанның жетекші университеттерінің түрлі академиялық бағдарламаларымен танысу мүмкіндігін ұсынды.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті көрмеге қатысып, бакалавриат, магистратура және докторантурадағы кең ауқымды білім беру бағдарламаларын таныстырды. Университет делегациясы шетелдік студенттер үшін оқу үдерісі, студенттік өмір және түлектердің болашағы туралы толық ақпарат беріп, оқу орнының артықшылықтарын егжей-тегжейлі түсіндірді.

— Көрме аясында біз білім беру бағдарламаларын ғана таныстырып қоймай, талапкерлермен интерактивті форматтағы байланыс орнаттық. Болашақ студенттер викториналарға, байқауларға, сыйлықтар ұтысына белсенді қатысып, университет өкілдеріне тікелей сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды. Талапкерлердің көбі біздің университетте оқуға қызығушылық танытқаны қуантты, — деп бөлісті «Professional Upgrading» мансаптық орталығының жетекшісі Жаннель Болатовна.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара алғаш рет осындай форматта өткізіліп, екі ел арасындағы білім беру байланыстарын дамытуға бағытталған.

Қазақстан Республикасының Әзірбайжандағы елшісі Алим Байель бұл оқиғаның маңыздылығын атап өтіп, оның жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықтың болашағы үшін негіз болатынын айтты.

— Бүгінде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде қалыптасты. Ынтымақтастық барлық салада қарқынды дамып келеді. Біз жоғары білім саласындағы серіктестіктің осы байланыстарды нығайтудағы маңызды күштердің біріне айналғанын қалаймыз, — деп атап өтті Алим Байель.

Әзірбайжан Республикасының Ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев көрменің әзірбайжандық жастарға оң әсер ететініне сенім білдіріп, оның студенттердің білім көкжиегін кеңейтуге зор мүмкіндік беретінін айтты.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек екі ел арасындағы ынтымақтастықтың бауырластық рухында дамып жатқанын, негізгі басымдықтың ортақ білім беру және ғылыми жобаларға берілетінін атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстанда Әзербайжаннан келген студенттерге жыл сайын 12 толық стипендия бөлінеді. Қазір Қазақстанда 222 Әзірбайжан, Әзірбайжанда 80 — ге жуық қазақстандық студент оқиды.

Министр сондай-ақ Қазақстанда 37 шетелдік университет филиалы, оның ішінде британдық, француздық және америкалық жоғары оқу орындары ашылғанын айтты. Бұл білім беру үдерісіне инновациялық тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.

Оның сөзінше, Қазақстан мен Әзербайжан ведомстволары алдында студенттер арасындағы алмасу бағдарламасын кеңейту міндеті тұр. Бұдан бөлек, тараптар бірлескен зертхана базасында бірлескен зерттеулер бағдарламасын іске қосуға, гранттық зерттеулердің бірлескен бағдарламасын құруға, екі елдің журналдарында ғалымдардың жариялануын қамтамасыз етуге ниетті.