7 марта 2025


ШҚУ РЕКТОРЫ МУЗЫКА КАФЕДРАСЫНЫҢ АРДАГЕРІН 8 НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген өзінің шексіз энергиясымен ерекшеленетін, музыка кафедрасының ажырамас бөлігіне айналған көрнекті тұлға – Колыхалова Лидия Кузьминишнаны арнайы құттықтап, құрмет көрсетті.

– Оның еңбегі, өз ісіне деген адалдығы және музыкаға деген сүйіспеншілігі көптеген студенттің кәсіби қалыптасуына негіз болды. Оның шәкірттері ұстазын әрдайым зор құрметпен еске алады. Онымен бірге оқып, жұмыс істеген әрбір жан оның терең білімін, шәкірттеріне деген шынайы қамқорлығын және өнерге деген махаббатын ерекше атап өтеді, – деді ректор.

Айта кету керек, бұл ерекше тұлғаның есімі кафедра тарихымен тығыз байланысты. Бүгінде біз оның музыкалық білім беруді дамытуға қосқан зор үлесімен мақтанамыз және студенттердің шығармашылық әрі кәсіби қасиеттерін қалыптастыру жолындағы қажырлы еңбегі үшін алғысымызды білдіреміз.

– Мен С. Аманжолов атындағы ШҚУ-ға, ол кезде Өскемен педагогикалық институтына шақыртумен келдім және осы таңдауым үшін ешқашан өкінген емеспін. Бұл оқу орнында тамаша ұжым, білікті оқытушылар болды, ең бастысы – олар студенттеріне шынайы жанашырлық танытып, білім алу мен дамуға қолайлы орта қалыптастырды, – деп еске алды Лидия Колыхалова.

Осы мейірім мен алғысқа толы күнде ШҚУ ұжымы Лидия Колыхаловаға музыка кафедрасының дамуына қосқан көпжылдық еңбегі мен баға жетпес үлесі үшін терең ризашылығын білдіреді.