8 марта 2025


ШҚУ ПРОФЕССОРЫ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ҚОЛЫНАН МАРАПАТТАЛДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бірқатар әйелдерді мемлекеттік қызметтегі және қоғамдағы жетістіктері үшін, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлестері үшін мемлекеттік марапаттар табыстады. Солардың ішінде ШҚУ-дың  психология және коррекциялық педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Мадина Дәулетқанқызы Ауренова да бар. Мадина Дәулетқанқызы — 24 жылдық еңбек өтілі бар психология ғылымдарының кандидаты, ол мемлекет басшысының қолынан жоғары марапат алуға әбден лайықты.

— Қазақстанның көптеген жетістіктерінің артында көрікті де ақылды әйелдер қауымының еңбегі тұр. Бүгінде олар түрлі салада жоғары білікті маман ретінде еліміздің дамуына үлес қосып келеді. Мадина Дәулетқанқызы да солардың бірі. Ел Президентінің құттықтауына қосыла отыра Мадина Дәулетқанқызына денсаулық,  бақыт, үйлесімді өмір және жаңа бастамаларға шабыт тілеймін. Әр күніңіз жарық пен жылуға толып, ал алдағы күндеріңіз тек қана сәттілік пен табысқа толы болғай! – деп ізгі тілегін білдірді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Мадина Дәулетқанқызы жоғары оқу орнының жоғары білікті оқытушысы: ол ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысады, психология, басқару психологиясы бойынша дәрістер оқып, педагогикалық психология бойынша курстар жүргізеді. Дипломдық, магистрлік зерттеу жұмыстарының жетекшісі. Жоғары оқу орнындағы қызметі барысында 100-ден астам ғылыми мақала мен әдістемелік құралдарды жариялады. Үш мақаласы Scopus және Web of Science базасында тіркелген басылымдарда жарияланып, біреуі жоғары индексация иеленді.

Мадина Дәулетқанқызы 24 жыл бойы ғылыми-зерттеу және педагогикалық қызметті әкімшілік- басқарушылық жұмысымен қатар алып жүрген, шығармашыл ұйымдастырушы.