11 марта 2025
ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫНЫҢ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Қоғамда заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету жағдайында заңгер мамандарды даярлаудың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара заң ғылымдарының кандидаты, ШҚУ-дың құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлмира Байркенованың мерейтойына арналды. Ғалым өз еңбегімен еліміздегі заң ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан.
– Гүлмира Төлеубекқызы – біздің альма-матеріміздің мақтан тұтар түлегі ғана емес, сонымен қатар университетіміздің үлгілі әрі беделді мамандарының бірі. Ол ШҚУ-да бес жыл бойы білім алып, кейінгі 32 жыл ішінде табанды еңбегімен және жоғары кәсібилігімен танылды. Осындай білікті және құрметті маман біздің оқу орнымыздың қабырғасында тәрбиеленгеніне мақтанамыз, – деді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Ғалымды кәсіби мерейтойымен университеттің серіктестері – құқық қорғау органдарының өкілдері де құттықтады. Олар кезінде Гүлмира Байркенованың шәкірттері болған. Олардың қатарында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев, ШҚО прокуратурасының аға көмекшісі Василий Александров, облыстық соттың судьясы Назым Кабдрахманова және ШҚО полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы Жақсылық Көрпебаев бар.
Дөңгелек үстел аясында қатысушылар заманауи заңгерлерді даярлау барысында маңызды құзыреттерді қалыптастырудың практикалық аспектілерін талқылады. Сарапшылардың айтуынша, болашақ заңгерлерді сапалы дайындау – стратегиялық маңызды фактор. Құқықтық білім берудің деңгейін арттыру үшін спикерлер шетелдік тәжірибені ескеру қажеттігін атап өтті. Мысалы, Германияда мемлекеттік органдарда ұзақ мерзімді тағылымдамадан өту міндетті болса, АҚШ-та нақты сот істерін жан-жақты талдауды қарастыратын «Case study» әдісі кеңінен қолданылады.
Amanzholov University-дің құқықтану кафедрасы 1992 жылы құрылған. Осы 33 жыл ішінде кафедра 10 000-нан астам білікті маман даярлады. Дөңгелек үстел қатысушылары атап өткендей, ШҚУ түлектері бүгінгі таңда еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие, себебі олар сапалы теориялық біліммен қатар, мол тәжірибеге ие.