11 марта 2025


ШҚУ СТУДЕНТІ КИКБОКСИНГТЕН ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының студенті Мақсат Ерланұлы кикбоксингтен «Italian World Cup» халықаралық турнирінде жеңіске жетіп, Әлем кубогының чемпионы атанды.

75 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мақсат 15 қарсыластың арасынан озып шықты. Жартылай финал мен финалда ол бұрын бір ұпай айырмашылығымен ұтылған қарсыластарын сенімді түрде жеңді. Оның қарсыластары Кот-д’Ивуар, Италия, Израиль және Өзбекстан елдерінің спортшылары болды.

– Жарысқа дайындық бір айға созылды. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ, бірақ мықты қарсыластарды жеңгеніме қуаныштымын, – деп бөлісті Мақсат.

Айта кетейік, 46 елдің спортшылары қатысқан бұл ауқымды халықаралық жарыс Италияның Лидо-ди-Йезоло қаласында өтті.

Мақсат Ерланұлы бұған дейін де халықаралық турнирлерде Қазақстанның намысын қорғап, өзінің жоғары деңгейін бірнеше рет дәлелдеген.