12 марта 2025
AMANZHOLOV UNIVERSITY ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҒАЛЫМДАРДЫ ҚАЛАЙ ҚОЛДАЙДЫ
Ғылым саласын дамыту Қазақстан үшін басты басым бағыттың бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ғылыми зерттеулерді қаржыландыру ұлғайтылып, ғылыми ұйымдар жаңғыртылуда, сондай-ақ шетелде тағылымдамадан өту мүмкіндігі артуда. Бұл әлбетте жастар үшін ғылым саласын тартымды етіп қана қоймай, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, зерттеу инфрақұрылымын нығайтуға ықпал етеді.
С.Аманжолов атындағы ШҚУ басшылығы Президент стратегиясын белсенді қолдай отырып, отандық ғылымның дамуына, ғалымдардың жайлы ортада қызмет етуіне барлық жағдай жасауда. Тек 2024 жылы Amanzholov University-дің 10 зерттеушісі мен әзірлеушісі «Жас ғалым» ипотекалық несиелеу бағдарламасы аясында кезекке тұрды. Олардың бірқатары аз уақытта баспаналы болып та үлгерді. Мәселен, Әсел Жылқашинова Астана төрінен тұрғын үй алса, Нұртөлеу Мағазов, Меруерт Мәулет, Дидар Сейітжан Өскеменде тұрғын үй иелері атанды.
— Менің пәтерім жарық, кең және жылы. Облыс орталығының элиталық, жаңа ауданында орналасқан. Мұнда керемет инфрақұрылым бар. Ыңғайлы, барлық пәтерлер косметикалық жөндеуден өткен. Қаласаңыз, бірден көшіп, тұра беруге болады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне және «Отбасы банкіне» ғылыми қоғамдастыққа осындай қолдау көрсеткені үшін рахмет. Бұл біз үшін үлкен көмек және мотивация», — деді қуанышымен бөліскен Меруерт Маулет.
ЖОО ғылыми қызметкерлері ғылыми-зерттеу бастамаларын қолдауға бағытталған «Жас ғалым» мемлекеттік байқауына үнемі қатысады. 2021-2024 жылдар аралығында елімізде гранттық қаржыландыруға 16 конкурс өткізілді, соның нәтижесінде 2 мыңнан астам ғылыми жоба жүзеге асырылды.
Ағымдағы жылы AMANZHOLOV University үш ғылыми қызметкері жалпы сомасы 82 441 616 теңгені құрайтын жобаларды жеңіп алды. Атап айтқанда, Назгүл Жеңсікбаева, Бақдәулет Анас және Құралай Алипина.
— Менің «дендроиндикация әдісімен Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік өңірлерінде өсетін ағаш түрлеріне техногендік факторлар мен климаттың өзгеруінің әсерін зерттеу» жобам техногендік факторлар мен климаттың өзгеруі өңіріміздегі өнеркәсіптік қалаларда өсетін ағаш өсімдіктеріне әсерін зерттеуге бағытталған және орнықты даму мақсаттарына жауап береді, — деді Құралай Алипина.
Айта кетейік, 2025-2027 жылдарға арналған қолданбалы ғылымды мемлекеттік қаржыландыру 531,1 млрд.теңгеге дейін ұлғайтылды. Ғылыми қызметкерлердің мәртебесін арттыру үшін ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы 18% — ға ұлғайтылды, ал ғылыми атақтарына берілетін қосымша ақылар 50 АЕК-ке дейін өсті.
Мемлекеттің қолдауы, ғылым саласына жастарды белсенді тарту, өндіріспен байланысын нығайту, сондай-ақ жоғары оқу орындары тарапынан берілетін көмек елдің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Ғылым инновацияның қозғаушы күшіне айналып қана қоймайды, сонымен қатар тұрақты даму мен өркендеуге бағытталған ұлттық стратегияның маңызды элементіне айналады.