14 марта 2025


ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ: ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ БАСТЫ НАЗАРДА

Бурабайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы маңызды оқиға болды. Мемлекет басшысы билік пен қоғамның ерекше назарын талап ететін стратегиялық бағыттарды айқындады. Солардың бірі – ерекше қажеттіліктері бар балаларды дамыту және оңалту үшін жағдай жасау.  Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алуына қолжетімділік мәселесі бұрыннан өзекті болғандықтан, педагогикалық қауымдастық бұл мәселеге назар аударудың маңыздылығын толық қолдайды. Мемлекет басшысының бұл мәселеге көңіл аударуын ел ұстаздары қолдауда.

Соңғы жылдары Қазақстан ерекше білім беру қажеттіліктері бар (ЕББҚ) балаларды жалпы білім беретін мектептерге интеграциялау бойынша белсенді қадамдар жасауда. 2024 жылғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, ЕББҚ балалардың шамамен 15%-ы жалпы білім беретін мектептерге барады. Бұл осы бағыттағы оң өзгерістерді көрсетеді. Алайда, инфрақұрылымдық мәселелер ЕББҚ балаларды оқу орталықтары мен мектептерге бейімдеу процесін айтарлықтай қиындатады. Әсіресе, аудандарда ЕББҚ балаларды қабылдайтын орталықтардың жеткіліксіздігі, ғимараттардың, арнайы жабдықтардың жетіспеуі басты мәселелердің бірі.

Алайда, бұл мәселелердің шешімі бар. Президент «әр облыс орталығында ерекше балалар мен аутизм диагнозі бар балалармен жұмыс істейтін ерекше балаларды дамыту және оңалту орталығы болуы тиіс» деп атап өтті. Мұндай бастама ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалары бар ата-аналардың көптеген мәселелерін шешетіні сөзсіз.

Бүгінде инклюзивті білім беру – заман талабы. Себебі әр бала – жеке тұлға және олар қоғамда ғана қажетті білім мен дағдыларды меңгеріп, ең бастысы – әлеуметтену тәжірибесін жинақтайды. Әрбір мектептің штатында логопед, дефектолог, сурдопедагог, бейімделген емдік дене шынықтыру нұсқаушысы сияқты арнайы педагогтер болуы керек. Сонымен қатар, педагог-ассистенттер де қажет. Қазіргі таңда педагог-ассистенттер бірнеше жалпы білім беретін мектепте жұмыс істейді. Олар аутистік спектрі бұзылған балаларды қолдау кабинеттерінде және инклюзия орталықтарында сүйемелдейді.

С.Аманжолов атындағы ШҚУ Мемлекет басшысының бастамаларын толықтай қолдайды. Университет жылдар бойы білікті мамандар даярлап, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инновациялық әдістер мен арнайы жабдықтарды әзірлеумен айналысып келеді. Сонымен қатар, ЕББҚ балалардың психологиялық-педагогикалық дайындығы мен әдістемелік-технологиялық қолдау бойынша құзыреттілік орталығы, сондай-ақ ЕББҚ балалар мен олардың ата-аналарына арналған «DANA BALA» инклюзивті және үздіксіз білім беру орталығы жұмыс істейді.

Президенттің сөйлеген сөзіне мұқият назар аударсақ, инклюзивті білім беру мәселесін шешуге бағытталған шаралар — «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының жасалуы мен ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдауды реттейтін жаңа заңның қабылдануы, балалардың сапалы білімге қолжетімділігін кеңейту қадамдарының барлығы көңілге сенім ұялатады.

Ирина Ровнякова, облыстық әйелдер істер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі