15 марта 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КҮНІНДЕ БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІНЕ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Компьютерлік модельдеу және ақпараттық технологиялар кафедрасы химия кафедрасымен бірлесіп 15 наурыз қайырымдылық күні қарсаңында Өскемен қаласының мамандандырылған балалар үйіне барды. Профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттер белсене қатысқан акцияның мақсаты қамқорлық, мейірімділік және көршімен тату болу керектігін насихаттау.

Университет өкілдері балалар үйінің тәрбиеленушілерін концерттік бағдарламамен, «Үш торай» қойылымымен және тәтті-дәмді сыйлықтарымен қуантты. Сонымен қатар, мамандандырылған балалар үйіне түрлі түсті қарындаштар, дәптерлер және сурет салуға арналған альбомдары табысталды.

Химия кафедрасының меңгерушісі Бақыт Шаихованың айтуынша, осындай іс-шаралар жас ұрпақтың бойында қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.

— Бізге уақыт бөліп келген С. Аманжолов атындағы ШҚУ өкілдеріне алғысымызды білдіреміз. Біздің балақайларға бөлген көңілдеріңіз, сыйлаған жағымды эмоцияларыңыздың маңызы жоғары, — деді мекеме директоры Гүлмира Мирхат.

Еске салайық, көшпенді халықтың арасындағы өзара көмек қағидасы қиындықтарды бірлесіп жеңіп, жаңа биіктерді бағындыруға арқау болған. Ұлы дала халқында адамдарды бір арнаға біріктіруге, ұйымдастыруға сеп болған өзара көмектің құны жоғары болды.
Мысалы, көмекке мұқтаж отбасыларға ауылдастары әрдайым қажетті көмек беріп отырған. Зардап шеккендерге мал, киім-кешек, баспана, ыдыс-аяқ бөлінген. Бұл — жанашырлық пен ауызбіршіліктің көрінісі.