17 марта 2025


БАТА БЕРУ: ШҚУ ҚАЗАҚ ДӘСТҮРІНІҢ МӘНІ МЕН ТАРИХЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

ШҚУ-да Наурызнама-2025 онкүндігі аясында іс-шаралар жалғасуда. Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен қалалық мешіт имамы Шокен Дүйсенмен, сондай-ақ құрметті әжелер алқасымен мәдени-танымдық кездесу ұйымдастырды.

Ұрпақтар сабақтастығына арналған бұл жиын қазақ халқының ең көне дәстүрлерінің бірі бата беруге арналды. Бата – үлкендердің кейінгі ұрпаққа айтатын ақ тілегі, өмірлік бағыт-бағдар беретін ізгі ниеті.

— Қазақ халқының ең көне әрі маңызды дәстүрлерінің бірі – Бата беру. Бата әрдайым қоғамның дұрыс қалыптасуына, ізгі құндылықтардың орнығуына ықпал етіп келді. Келер ұрпақты тәрбиелеуде батаның маңызы зор, бұл дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретініне күмән жоқ, — деді Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Ләззат Жаманбаева.

Оның айтуынша, іс-шараны ұйымдастыруға бірінші курс студенттері белсене атсалысты. Олар музыкалық және би қойылымдарын ұсынып, «Арқан тарту» көрінсін сахналады.

— Бүгін біз жаңа деректер біліп қана қоймай, концерттік бағдарламадан да ерекше әсер алдық. Пайдалы әрі көңілді кешті үйлестіре білген ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз, — деді студент Ақбота Пазылова.

Кездесу соңында әжелер алқасының жетекшісі Ануза Жұмақанова студенттерге бата беріп, ұйымдастырушылар қонақтар мен қатысушыларды ауызашарға шақырды.