17 марта 2025


«FAMILY DAY» МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАСЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ НАСИХАТТАДЫ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Шет тілдері және аударма ісі» кафедрасының ұйымдастыруымен «Family Day» мерекелік кеші өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – студенттер арасында қазақтың салт-дәстүрін насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Осыған орай, қатысушылар ұлттық киім киіп, қазақы нақыштағы әшекей бұйымдар тақты.

Шара барысында отбасының тірегі – аналарға құрмет көрсетіліп, оларға арналған әндер орындалды. Сондай-ақ, шетелдегі қазақ отбасыларының ұлттық құндылықтарды сақтап, балаларына қазақы тәрбиені сіңіруі туралы мазмұнды көріністер қойылды.

– Бүгінгі шара өте әсерлі өтті. Ұлттық дәстүрімізді насихаттап, мәдениетіміздің ерекшелігін көрсете білдік. Қазақтың салт-дәстүрін, өнерін ән, би және сахналық қойылымдар арқылы жеткіздік, – деді ШҚУ студенті Сымбат Исахан.

Мерекелік кеште тәрбиелік мәні зор «Беташар» дәстүрі сахналанып, қазақ тойының сән-салтанаты паш етілді. Сондай-ақ, ұлттық өнерге құрмет ретінде күмбірлеген күй тартылып, қара жорға биі орындалды.

Бұл игі бастама студенттердің ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, қазақы салт-дәстүрге деген құрметін нығайта түсті.