18 марта 2025


ГҮЛСІМ БЕКТАСОВАНЫҢ 70 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде физика және технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, фс.ғ.к. Гүлсім Бектасованың 70 жылдық мерейтойына орай «Ғылымның болашағы: жаңа бағыттар мен перспективалар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға университеттің басқарма мүшелері, профессорлық-оқытушылар құрамы, сондай-ақ мерейтой иесінің шәкірттері қатысты. Ғылыми жиынға шетелдік университет өкілдері онлайн қосылып, Гүлсім Сафуанқызына жылы лебіздерін жеткізді.

ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген құттықтау сөз сөйлеп, профессордың ғылым мен білім саласындағы 50 жылдық еңбегін ерекше атап өтті. Ол Гүлсім Бектасованың өз ісіне адал ұстаз, білікті ғалым екенін, шәкірттерінің жүрегінен ерекше орын алғанын атап өтіп, мерейтой иесіне Алғыс хат пен гүл шоқтарын табыс етті.

— Гүлсім Сафуанқызы – көп шәкірт тәрбиелеген, беделді тұлға. Оның ақыл-парасаты мен тәлім-тәрбиесі жастар үшін үлкен мұра. Осындай ұстаздар халыққа керек. Біздің жоғары оқу орнында осындай кемеңгер оқытушылардың болғанын мақтан тұтамын, — деді Мұхтар Төлеген.

Мерейтойға арнайы келген шәкірттері ұстаздары жайлы жылы естеліктерімен бөлісіп, сыйлықтарын табыс етті.

— Гүлсім Бектасовадан сабақ алғаныма өте қуаныштымын. Сол кісінің арқасында кітапқа деген қызығушылығым оянып, өзімді дамытуға мүмкіндік алдым. Ғылыми жетекшім ретінде маған сүйікті мамандығымды табуға көмектесті, магистратураға түсуіме де түрткі болды, — деді 2017 жылғы түлегі Антон Никифоров.

Конференция барысында қатысушылар профессордың ғылымға қосқан үлесін атап өтіп, жүрекжарды тілектерін білдірді. Шара соңында Гүлсім Сафуанқызы өзінің көп жылғы еңбегін жоғары бағалап, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырушыларына алғысын жеткізді. Сондай-ақ, университеттің бірінші басшысы Мұхтар Төлегенге оқу орнын дамытуға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді.