18 марта 2025


ТАРИХ ЖАСТАРДЫҢ КӨЗІМЕН: ЖОО МУЗЕЙІНДЕ ҰЛТТЫҚ КИІМДЕР КӨРМЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Наурыз мейрамының онкүндігі аясында 18 наурыз Ұлттық киім күні болып бекітілген. Осыған орай Алтай археологиялық және мәдени мұра музейінде «Ұлттық киім, ұрпаққа аманат» атты көрме ұйымдастырылды. Қазақ, орыс, неміс, татар, украин, грузин халықтарының ұлттық киімдері, қазақ батырларының дәстүрлі киімдері, сондай-ақ түрлі ұлттардың қуыршақтары ұсынылды.

– Ұлттық киім – халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде, салтанатты кештерде киюге арналған ғасырлар бойы жинақталған ұлттық нақыштағы киім үлгілері, аяқ-киімдері, әшекей бұйымдары. Ұлттық киім арқылы халықтың тарихын, ерекшеліктерін білуге болады, — деді музей жетекшісі Назым Аманжолова.

Назым Аманжолқызының жүргізген дәрісінен кейін студенттер көрмедегі жәдігерлердің маңыздылығын жоғары бағалады. Жастар әсіресе ер адамға арнап тігілген шапанға қызығушылық танытты. Ерте заманда мұндай шапандарды табиғи теріден жасап, әртүрлі түске бояған.

-Бүгінгі киім таныстырылым маған қатты ұнады. Ата-бабаларымның дәуіріне тап болғандай болдым. Музейде ерекше атмосфера болып тұр, — деді студент Ақбота Пазылова.

Атап өтейік, көрме наурыз айының соңына дейін жалғасады.