18 марта 2025
ШҚУ-ДА ДӘСТҮРЛІ «АБАЙ ОҚУЛАРЫ-2025» БАЙҚАУЫ ӨТТІ
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасы мен «Абайтану» ғылыми-зерттеу институты Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының 10-11 сынып оқушылары арасында X аймақтық дәстүрлі «Абай оқулары-2025» байқауын өткізді.
Байқаудың басты мақсаты – Абай мұрасын насихаттау, оның даналық тағылымын жас ұрпақтың санасына сіңіру, ана тілінің көркемдік ерекшелігін терең меңгерту, сондай-ақ оқушылардың кәсіби бағдарын айқындауға ықпал ету.
Сайыс үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезең – «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы». Қатысушылар Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, мәнерлеп жеткізу шеберліктерін көрсетті. Екінші кезең – «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда», бұл бөлімде үміткерлер ақынның қарасөздеріне байланысты сұрақтарға жауап берді. Үшінші кезең – «Мен бір жұмбақ адаммын…», мұнда қатысушыларға Абайдың шығармашылық өмірбаяны, өскен ортасы, поэмалары және зерттеуші-ғалымдар туралы жедел сұрақтар қойылды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені «Шілікті орта мектебі» КММ 11-сынып оқушысы Айшолпан Ахатбекова жеңіп алды. Бірінші орын «Қасым Қайсенов кентінің орта мектебі» КММ 10-сынып оқушысы Меруерт Тоқтарғазыға бұйырды. Екінші орынды ДБА Жамбыл атындағы ОММГИ 11-сынып оқушысы Бекболат Толғанбаев және «№47 жалпы білім беретін мектеп» КММ 10-сынып оқушысы Мансур Қадырханов иеленді. Ал үшінші орын «№46 орта мектебі» КММ 10-сынып оқушысы Сабина Еркінбекова, «Шәкәрім атындағы орта мектебі» КММ 10-сынып оқушысы Іңкәр Октябрь және «Алтай қаласының №9 орта мектебі» КММ 10-сынып оқушысы Айбота Дәулетбекке табысталды.
Шара соңында қатысушылар мен олардың жетекшілеріне алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды.