18 марта 2025


ҚАЗАҚ ОЮ-ӨРНЕГІ: ӨРКЕНИЕТ ЖӘНЕ УАҚЫТ

«Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығы «Ою – өркениет және уақыт» тақырыбында ғылыми семинар ұйымдастырды.

Іс-шараға қала мектептерінің мұғалімдері, ғылыми-зерттеу орталығының мамандары, сондай-ақ Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты. Жиналғандар қазақ халқының мәдениетінің бір бөлігі болған ою-өрнектің маңызы мен оның қазіргі замандағы рөлін талқылады.

-Ою-өрнектер қазақ халқы үшін әшекей бұйым және тұмар қызметін атқарған. Ою жасау барысында рудың, жүздің тарихына қатысты элементтер де қолданылған, -деді  «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Майра Тарлаубай.

Ол өз сөзінде ою-өрнектің әрбір элементі терең мағынаға толы екенін де атап өтті. Қоғамдағы жағдайларға байланысты ою әркезде түрлі мағына беруі мүмкін. Бірақ басты мәні — ізгі ниет, жақсылықты бейнелеу.

Шара барысында басқа қатысушылар да баяндама жасады. Олардың қатарында «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Құралай Қайырбаева, ШҚУ-дың қауымдастырылған профессоры Күлзипаш Ахметжанова мен Нұраш Игісінова, сондай-ақ, докторант Берік Қадіров бар.

Сонымен қатар, семинар қонақтарына ою-өрнек өнерінің жан-жақтылығын көрсететін көрпелер мен киімдер сыйға тартылды.